Миха

1 2 3 4 5 6 7


Тарау 7

«Сорлы басым-ау! Бау-бақшаның өнімі түгелдей жиналып болғаннан кейін одан жеміс тапқысы келген кісідеймін. Онда тәбетімді басатын не жүзім шоғы, не ерте піскен інжір жемісінің бірде-біреуі қалмаған!
2 Дәл сол сияқты, елде Құдайға адал ешкім қалмаған! Адамдардың арасында бірде-бір әділ адам қалған жоқ! Барлығы біреудің қанын төгуді аңдып жатады, әркім ағайынына тұзақ құрып қойған.
3 Екі қолы да жамандықты істеуге шебер-ақ, әмірші сый-тарту дәметеді, төреші де жемқор, ал ұлық өз қалағанын иемденеді. Бәрі осылайша сөз байласып істі бұрмалайды.
4 Олардың ең жақсысы тікенді бұтадай, ең әділдеуі қаулап өскен тікенекті қоршаудай. Бірақ олардың күзетшілері — пайғамбарлары алдын ала айтып кеткен сот күні таяп қалды. Сонда олар абыржып, не істерін білмейді.
5 Бұдан былай көршіңе де сенбе, досыңа да сенім артпа! Тіпті қойныңдағы өз әйеліңе де айтатын сөздеріңе сақ бол!
6 Өйткені өз ұлы әкесін масқаралап, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады. Адамның дұшпаны өз үй іші болады.
7 Ал мен Жаратқан Иеге үмітпен қараймын. Өзімді құтқаратын Құдайдың көмек көрсетуін күтемін. Айтқан дұғаларым Құдайымның құлағына жетеді».
8 «Мені табалама, дұшпаным! Құласам да, қайта тұрамын! Қазір түнекте отырсам да, Жаратқан Ие жарық нұрым болады! — дейді Иерусалим. —
9 Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандықтан Оның қаһарына ұшыраймын. Бірақ кейін Ол мүддемді қорғап, мені ақтайды. Сонда Ол мені нұрға алып шығады, Оның әділ істерін көремін!
10 Сонда дұшпандарым да мұны көреді. Мені: «Құдайың Жаратқан Ие енді қайда?» деп табалаған олар масқараға батады. Жаулардың құлдырағанын өз көзіммен көремін, олар көшелерде батпақ сияқты тапталатын болады».
11 «Сенің қабырғаларыңды қайтадан тұрғызатын, шекараларыңды кеңейтетін күн де туады!
12 Сол кезде жұрт саған Ассурдан және Мысырдың қалаларынан, иә, Мысыр мен Евфрат өзенінің аралығынан, батыс пен шығыстағы теңіздердің және таулардың араларынан келетін болады.
13 Алайда жер өз тұрғындарының теріс істерінің кесірінен қаңырап бос қалады».
14 «Халқыңды, өз үлесіңе тиген отарыңды, асатаяғыңмен бақ, уа, Ием. Олар ну орманда әрі құнарлы егістіктерде тұрады. Өткен замандағыдай, олар Башан мен Ғилақадтың жайлауларында оттасын».
15 (Жаратқан Ие мынаны уәде етеді:) «Сенің Мысырдан көшіп шыққан кезіңдегідей, Мен саған Өзімнің кереметтерімді көрсетемін».
16 «Басқа халықтар соны көріп, өздерінің шектеулі күш-қуатына ұялатын болады. Олар қолдарымен ауыздарын жауып үнсіз қалады, құлақтары керең болып мелшиіп тұрады.
17 Сол дұшпандар жыландай, жерде бауырымен жорғалайтын мақұлықтай шаң-тозаң жалап, өз бекіністерінен діріл қағып шығатын болады. Уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, олар Саған қорқынышпен бет бұрып, алдыңда үрейленіп, Сені терең қастерлейтін болады».
18 «Өз меншікті халқын кінәсінен арылтатын әрі оның тірі қалғандарының теріс істерін кешіретін Сен сияқты қай Құдай бар? Сен мәңгілікке қаһарланбайсың, қайта, берік мейірім көрсетуден рақат табасың.
19 Сен бізге қайтадан рақымыңды көрсетесің. Әділетсіз істерімізді аяғыңмен таптап, күнәларымыздың бәрін де теңіздің тұңғиығына тастайсың!
20 Ежелгі заманда ата-бабаларымызға уәде еткеніңдей, Сен Жақыптың үрім-бұтағына адалдық танытып, Ыбырайымның ұрпақтарына берік мейіріміңді көрсетесің».