Миха
Тарау 5
«Жасағыңды түзе, уа, соғысқа дайындалған қала, өйткені бізді жау қоршап алды. Олар Исраилдің билеушісінің бетін асатаяқпен соққылайтын болады.
2 Ал сен, Ефрата аймағындағы Бетлехем, Яһуданың әулеттерінің арасындағы маңызсызы болсаң да, сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады. Оның шыққан тегі ежелгі заманнан, мәңгіліктен.
3 Сондықтан Оған жүкті әйел толғатып, босанғанға дейін Жаратқан Ие Исраил халқын (жау қолына) тапсырады. Сол кезде Оның аман қалған ағайындары жер аударылған жақтарынан қайта оралып, Исраилдің өзге адамдарымен бірігетін болады.
4 Сол Көсем тұрып, өз халқына Жаратқан Иенің берген қуатымен, әрі өз Құдайы Жаратқан Иенің есімінің салтанатымен билік жүргізетін болады. Оның даңқы жердің ең шалғай түкпірлеріне дейін жеткендіктен, олар қауіпсіздікте тұратын болады.
5 Ол халқы үшін амандық пен тыныштықтың қайнар көзі болады». «Ассур әскері біздің елімізге басып кіріп, қамалдарымызды жайпап өтіп жатса, біз оларға қарсы жеті басқарушыны және сегіз әміршіні шығарамыз.
6 Олар Ассур елін семсермен басқарып, Нымрод ежелде негізін қалаған сол елге оның қала қақпаларының алаңдарында билік жүргізетін болады. Ассур әскері шекарамыздан өтіп, елімізге басып кіріп жатса, әміршілеріміз бізді жаудан құтқарады.
7 Сонда Жақыптың үрім-бұтағының тірі қалғандары көптеген халықтар арасында Жаратқан Иенің жерге түсірген шығына және шөпке жаудырған нөсеріне ұқсайды. Олар ешкімге бағынбай, адам баласынан тәуелсіз болады.
8 Жақыптың үрім-бұтағының тірі қалғандары халықтар арасында тұрып, орман аңдарының ішіндегі арыстандай, қойлардың ішіндегі жас арыстандай қуатты болады. Олар тарпа бас салып, айыра жыртқанда, ешкім араша бола алмайды.
9 Уа, Исраил халқы, жауларыңның үстінен жеңіске жет, дұшпандарыңның барлығы күйресін».
10 «Сол күні Мен араларыңдағы жылқыларыңды құртып, соғыс күймелеріңді қиратамын, — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
11 Еліңдегі қалаларды талқандап, қорғандарыңның барлығын қиратамын.
12 Өзіңнің сиқырлық істеріңді құртамын, бұдан былай бал ашатын сәуегейлерің болмайды.
13 Мен араларыңдағы ағаштан ойылған тәңір мүсіндері мен тас бағаналарды қиратып тастаймын. Бұдан былай сендер өз қолдарыңмен жасаған тәңірсымақтарға табынбайтын боласыңдар.
14 Мен араларыңнан Ашераның бағаналарын алып тастап, (арамданған) қалаларыңды қиратамын.
15 Өзіме мойынсұнбаған ұлттарға қарсы ашу-ызаға кенеліп, оларға лайықты жазаларын тартқызамын».