Миха
Тарау 3
Сонда мен былай дедім: «Тыңдаңдар, Жақыптың үрім-бұтағының басшылары — Исраил елінің билеушілері! Ақты қарадан ажырата білу сендердің міндеттерің емес пе?!
2 Бірақ сендер жақсыны жек көріп, жаманды ұнатасыңдар, Менің халқымның терісін сыпырып, етін сүйектерінен тірідей жұлып аласыңдар!
3 Сендер халқымның етін жалмап, терісін сыпырып, сүйектерін майдалап сындырасыңдар, оларды қазанға салатын еттей қылып, пісіріп, жеп қоясыңдар!»
4 Кейін осы арамзалар Жаратқан Иеге жалбарына үн қататын болады, бірақ Ол жауап бермейді. Сол кезде Жаратқан Ие олардың істеген көптеген зұлымдықтарына бола солардан бет-жүзін жасырады.
5 Жаратқан Ие халқымды теріс жолға адастырған пайғамбарлар жайлы мынаны айтады: «Егер біреу оларға тамақ беріп қарындарын тойдырса, олар соған амандық пен тыныштықты болжайды. Ал егер солай етпесе, онда сол пайғамбарсымақтар оларға қарсы соғыс ашылатынын болжайды.
6 Сол үшін сендерді еш көрініс көрмейтін түн, еш сәуегейлік айтылмайтын қара түнек басады. Пайғамбарлардың күні батып, оларды күндіз қараңғылық жабады.
7 Көріпкелдер ұятқа қалып, бал ашатын сәуегейлер масқара болады. Құдайдан еш жауап болмағандықтан, олардың барлығы ауыздарын жауып үндемейді».
8 Ал мен құдіретке, Жаратқан Иенің Рухына кенелдім. Жақыптың ұрпақтары — Исраил халқының Таурат заңын бұзып күнә жасағандарын әшкерелеу үшін әділдік пен күш-қуатқа бөлендім.
9 «Тыңдаңдар мынаны, уа, Жақыптың үрім-бұтағының басшылары — Исраил халқының билеушілері! Сендер әділдікті менсінбей, оны мүлдем бұрмалайсыңдар!
10 Сендер Сион тауындағы қаланы қантөгіспен тұрғызып, Иерусалимді зұлымдықпен салдыңдар!» —
11 Елдің басшылары пара алып үкім шығарады, оның діни қызметкерлері тәлім бергенде ақша талап етеді және пайғамбарлары айтқан хабарлары үшін ақы сұрайды. Бірақ сонда да олар: «Жаратқан Ие біздің арамызда ғой, басымызға ешбір пәле түспейді!» — деп Жаратқан Иеге арқа сүйейді екен!
12 «Сондықтан сендердің кесірлеріңнен Сион тауы егістіктей соқамен жыртылады! Иерусалим тас үйіндіге айналады! Қазір ғибадатхана тұрған қырат ну орманды төбеге айналады!»