Жүніс

1 2 3 4


Тарау 4

Алайда Жүніс бұған қатты ренжіп, ашуланды.
2 Ол Жаратқан Иеге сиынып былай деді: — Уа, Ием, мен осылай болатынын елімде жүргенде-ақ айтпап па едім? Сондықтан да тездетіп Тарсиске қарай қаштым. Сенің рақымды да мейірбанды Құдай екеніңді білгенмін: Сен тез қаһарлана қоймайтын төзімдісің, берік сүйіспеншілігің шексіз зор. Пәле жіберемін деген райыңнан қайтуға да дайынсың.
3 О, Жаратқан Ие, енді жанымды ала гөр. Маған тірі жүргенше, өлген артық. —
4 Жаратқан Ие оған: — Сенің ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды.
5 Ал Жүніс қаладан шығып, оның күншығыс жағындағы бір жерге барып отырды. Өзіне қарапайым күрке жасап, соның көлеңкесінде қаламен не болатынын көрмек болып күтті.
6 Сонда Құдай Ие Жүніске саясы түсіп, оған әлдеқайда қолайлы болу үшін бір бұтаны өсіріп шығарды. Бұта Жүніске керемет ұнады.
7 Бірақ Құдай келесі күні таң сәріде бұтаны кеміретін құрт жіберіп, содан бұта солып қалды.
8 Күн көтерілгеннен кейін Құдай күншығыстан аңызақ жел соққызды. Басын күйдірген күннің аптабынан Жүніс әлсіреп қалды. Ол өлім тілеп: «Маған тірі жүргенше өлген артық!» — деп налыды.
9 Құдай оған: — Бұтаға бола ренжіп, ашулануға қандай қақың бар? — деген сұрақ қойды. Жүніс: — Менің тіпті өлгенше ашулануға қақым бар, — дегенде,
10 Жаратқан Ие оған былай деп жауап берді: — Сен осы бұтаны ешқандай өңдеп, өсірмедің. Ол бір түнде өсіп шығып, келесі түні жоқ болды. Солай болса да, бұтаға сенің жаның ашиды.
11 Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық, сондай-ақ көптеген мал да бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалайша Менің жаным ашымайды?!