Жүніс
Тарау 3
Содан соң Жаратқан Ие Жүніске екінші рет сөзін арнап:
2 «Сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар! Менің өзіңе айтқан хабарымды халыққа жарияла!» деп тапсырды.
3 Осы жолы Жүніс Жаратқан Иенің айтқанын екі етпей, жолға шығып, Ниневиге барды. Бұл аралап шығуға үш күн уақыт кететін өте үлкен қала еді.
4 Жүніс қаланы аралай бастады. Күн ұзағына халыққа уағыз айтып: «Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!» — деп жариялап жүрді.
5 Қала халқы Құдайдың хабарына сенді. Олар (күнәларына өкініп) ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді.
6 Ниневидің патшасы бұл туралы естігенде, ол да (күнәсіне опық жеп) тағынан түсіп, патшалық шапанын шешіп тастады да, азалы киім жамылып, күлге отырды.
7 Содан ол Ниневи халқына патша мен оның уәзірлерінің атынан мына әмірін жариялатты: «Күллі халық ораза тұтсын! Барлық адамдар мен жануарлар, ірілі-ұсақты малдар азық пен сусыннан ауыз тимесін!
8 Адам және жануар атаулы азалы киім мен жабу жамылсын! Әркім Құдайға қатты жалбарынып сиынсын! Бәрі де зұлым жолдарынан қайтып, қатыгез іс-әрекеттерінен бас тартсын!
9 Мүмкін, сонда Құдай райынан қайтып, аяушылық танытып, қаһарын басар. Осылай біз пәледен аман қалармыз!»
10 Құдай олардың істегендерін көріп, зұлым жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді. Содан Ол халыққа аяушылық танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты.