Жүніс

1 2 3 4


Тарау 2

Жаратқан Иенің бұйрығымен бір үлкен балық Жүністі жұтып қойды. Ол соның ішінде үш күн, үш түн бойы жатты.
2 Жүніс балық ішінен Құдай Иесіне сиынып былай деп мінажат етті:
3 «Қиын-қыстау кезімде, уа, Жаратқан Ием, Саған сиындым, жауап бердің де Сен. Сонда тұңғиықтың терең түкпірінен Көмек сұрап саған жалбарынған ем, Шақырған даусыма құлақ салдың да Сен.
4 Мені тұңғиыққа, терең теңіздің Түбіне Сен лақтырған едің, Айналам түгел тек ағыстар болған, Соққылап қарқынды толқындарыңның Барлығы да өтті мына басымнан.
5 Былай деп те айтқан болатынмын: Аластатылсам да көз алдыңнан, Киелі үйіңе қарамақпын қайтадан.
6 Су басып, теңіз тартып құшағына Қорқытты, балдырлар оралып басыма.
7 Су асты, тау түбіне түсіп қалдым, Сол жерге мәңгі қамалғандай болдым. Бірақ Сен, Жаратқан Ие, Құдайым, Жанымды тұңғиықтан алып қалдың.
8 Көңілім құлазып, үміт өшкенде, Уа, Тәңір Ием, Сені алдым есіме, Мінажатым құлағыңа жетті де Сенің көктегі киелі үйіңде.
9 Жарамсыз да жалған тәңірлерге Табынушылар безеді өздеріне Рақым көрсетпек болған Құдайынан.
10 Ал мен Саған әнмен шүкірлік айтам, Сый-тарту ұсынып, антымда тұрам. Құтқарылу келеді тек Жаратқаннан!»
11 Мұнан кейін Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша балық Жүністі жағалауға құсып тастады.