Естер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10


Тарау 3

Осы оқиғалардан кейін Ахасуер патша Агагтың ұрпағы Амадат ұлы Хаманды көтеріп, дәрежесін өсірді. Патша Хаманның лауазымын өзінің қасындағы күллі әміршілерден де жоғарылатты.
2 Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлерінің барлығы Хаманға жерге дейін иіліп сәлем беретін. Себебі патша солай әмір еткен болатын. Бірақ Мардохай Хаманға иіліп сәлем берген жоқ.
3 Патшаның сарай қақпасындағы қызметкерлері Мардохайға: «Патшаның бұйрығын неге бұзасың?» — деген сұрақ қойды.
4 Олар бұны күн сайын ескерте берсе де, ол тыңдаған жоқ. Қызметкерлер Мардохай өзінің айтқан сөзінен бас тартар ма екен деп оны сынамақ болып, бұл туралы Хаманға хабар жеткізді. Ал Мардохай өзінің яһуди екенін оларға білдірген болатын.
5 Хаман Мардохайдың өзіне иіліп сәлем беруден бас тартқанын естігенде, ашуға булықты.
6 Бірақ Мардохайдың өзін ғана құрту оған аз болып көрінді. Өйткені оның қай ұлтқа жататынын біліп алған соң, Хаман Мардохайдың ұлттастары — яһудилердің бәрін де Ахасуердің бүкіл патшалығы бойынша жаппай жойып жіберуді ойластырды.
7 Осылайша Ахасуер патшаның билік еткен он екінші жылының бірінші (яғни нисан) айында мұны іске асырудың тиімді күні мен айын анықтау үшін Хаманның алдында «пур», демек, жеребе тасталды. Жеребе он екінші айдың (яғни адар айының) он үшінші күніне түсті.
8 Содан Хаман Ахасуер патшаға былай деп ұсыныс жасады: — Сіздің патшалығыңыздың күллі аймақтарындағы өзге халықтардың арасына шашырап кеткен, бірақ солармен араласпайтын бір ұлт бар. Бұл ұлттың әдет-ғұрыптары барлық басқалардікінен өзгеше. Олар патшаның заңдарын да орындамайды! Оларды осылай қалдыра беру патша ағзамның мүддесіне қарсы.
9 Егер патша ағзам мақұл көрсе, оларды құрту жайлы жарлық шығарылсын. Сонда мен басқарушы уәзірлердің қолдарына патшаның қазынасына салу үшін он мың ат басындай күмісті өлшеп табыстаймын.
10 Патша саусағындағы мөр басатын жүзігін шешіп алып, оны Амадат ұлы Хаманға берді. Хаман амалектік Агагтың ұрпағы әрі яһудилердің қас жауы болатын.
11 Патша Хаманға: — Сол күмісті де, сол ұлтты да қолыңа тапсырамын. Оларға өзің мақұл көргеніңді істе! — деді.
12 Осылайша бірінші айдың он үшінші күні патшаның хатшылары шақырылды. Олар Хаманның айтқан жарлығын патшаның өлке әміршілеріне, барша аймақтардың үстінен қарайтын әкімдерге және әрбір халықтың басшыларына арнап өздерінің әліппелерімен әрі ұлттық тілдерінде аударып жазып берді. Жарлықтың көшірмелері Ахасуер патшаның атынан жазылып, оның жүзік мөрімен бекітілді.
13 Сол хаттар шабармандар арқылы патшалықтың күллі аймақтарына жіберілді. Онда он екінші айдың (демек адар айының) он үшінші күні, сол бір күннің ішінде, барлық яһудилерді: жасы мен кәрісін, әйелі мен бала-шағасын құртып жоқ қылуға, ал қалған мал-мүлкін олжалауға бұйрық берілді.
14 Жарлықтың көшірмелері әрбір аймақта заң ретінде шығарылып, күллі ұлттардың адамдарына сол күнге дайын болсын деп паш етілуге тиіс болды.
15 Шабармандар патшаның бұйрығымен тез аттанып кетті. Жарлық Сузы қорғанында да жарияланды. Патша мен Хаман шарап ішуге отырды, ал Сузы қаласының халқы не болғанын түсінбей абыржыды.