Естер
Тарау 1
Бұл оқиға Ахасуер патшаның заманында болды. Ол Үндістаннан бастап Құш еліне дейін ұласқан жүз жиырма жеті аймаққа патшалық құрды.
2 Сол кездері Ахасуер Сузы қорғанындағы сарайының тағында отырып билік жүргізді.
3 Патшалық құрған үшінші жылы Ахасуер қарамағындағы барлық әміршілері мен қызметкерлеріне арнап той жасады. Тойға Персия мен Мидияның әскербасылары әрі аймақтардың ақсүйектері мен әміршілері жиналды.
4 Патша ұзақ уақыт — толық жүз сексен күн бойы патшалығының ағыл-тегіл байлығын әрі өзінің салтанатты ұлылығының қаншалықты тамаша екендігін көрсетумен болды.
5 Осы күндер өткен соң, патша енді Сузы қорғанындағы жасы бар, кәрісі бар бүкіл халыққа да арнап жеті күндік той жасады. Той патша сарайының саябағындағы аулада өтті.
6 Сол орын ақ және көк түсті бәтестен тігілген перделермен безендірілген болатын. Олар мәрмәр бағаналарға тағылған күміс шығыршықтарға ақ бәтес және қырмызы түсті жіптермен байланған еді.
7 Қызыл және ақ мәрмәр, маржан әрі түрлі-түсті асыл тастардан төселген еденге алтын, күміс түсті қамқамен қапталған жастықтар қойылған болатын.
8 Патшаның жомарттығына сай молынан әкелінген шарап алуан түрлі үлгідегі алтын ыдыстарға құйылып беріліп отырды. Патшаның әмірімен әр қонақ еш мәжбүрленбей, қалай ішкісі келсе, солай іше алды. Себебі патша шарап тасушыларға әркімге қалағанын алып келуді бұйырған болатын.
9 Астин патшайым да әйелдерге арнап Ахасуердің патшалық сарайында той жасады.
10 Жетінші күні шарапқа қызыңқырап алған патша қасындағы жеті сарай қызметкерін өзіне шақырып алды. Олардың есімдері Меһуман, Бизта, Харбона, Биқта, Абақта, Зетар, Қарқас болатын. Патша оларға:
11 «Астин патшайымды басына тәжін кигізіп алдыма алып келіңдер!» — деп бұйырды. Патша халыққа және лауазымды адамдарға патшайымның сұлулығын көрсетпек болды. Өйткені ол аса көрікті әйел болатын.
12 Алайда Астин патшайым патшаның сарай қызметкерлері арқылы жіберген бұйрығын орындаудан бас тартты.
13 Бұған патша қатты ашуланып, бойында қаһары лаулады. Содан патша елдің тарихынан хабардар данышпан кеңесшілерімен ақылдасты. Өйткені оның заңдар мен әділетті білетін күллі адамдарымен ақылдасатын әдеті бар еді.
14 Сол кезде патшаға парсы және мидиялық мына жеті қызметкері жақын жүретін: Қаршена, Шетар, Адмата, Тарсис, Мерес, Марсена, Мемухан. Олар патшаның алдына келе алатын. Бүкіл патшалықта сол жетеудің мәртебесі жоғары болды.
15 Патша оларға мына сауалды қойды: — Заң бойынша Астин патшайымға қандай шара қолданған жөн? Өйткені ол патшаның сарай қызметкерлері арқылы жіберген бұйрығын орындаған жоқ.
16 Сонда Мемухан патша мен әміршілердің алдына шығып былай деді: — Астин патшайым патша ағзамға да, өзіңізге қарайтын барша аймақтардағы күллі әміршілер мен бүкіл халықтарға да зұлымдық жасады.
17 Себебі патшайымның осы қылығы жайлы басқа барлық әйелдердің құлақтарына жетпек. Сонда олар: «Ахасуер патша Астин патшайымды өз алдына әкелуді бұйырғанда ол келмей қойды!» деп, өз қожайындарын менсінбей кететін болады.
18 Бүгін-ақ Персия мен Мидиядағы текті әйелдер патшайымның осы істегені туралы естіп, патшаның күллі әміршілеріне де дәл солай демек. Содан менсінбеу мен қаһарлану кең етек жаймақ.
19 Патша ағзам мақұл көрсе, патшалық жарлық шығарылсын. Жарлық парсылар мен мидиялықтардың өзгертуге болмайтын заңдарына тіркеліп қосылсын. Онда Астиннің бұдан былай Ахасуер патшаның алдына келуіне болмайды деп жазылсын. Ал патша одан гөрі лайықты басқа бір патшайымды таңдап алсын.
20 Сонымен патша ағзамның осы жарлығы оның бүкіл ұлан-ғайыр патшалығы бойынша жарияланғанда, әйелдердің барлығы жоғарғысынан бастап төменгісіне дейін өз қожайындарына құрмет көрсететін болады.
21 Осы ұсынысты патша да, әміршілер де жөн көрді. Патша Мемуханның ұсынғаны бойынша істеп,
22 патшалықтың барлық аймақтарына, әр аймаққа өз әліппесі мен өз тілінде мына жарлықты жібертті: «Әрбір ер адам өз үйінде билік жүргізіп, өз халқының ана тілінде сөйлейтін болсын!»