Патшалықтар 1-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31


Тарау 23

Бірде Дәуітке «Філістірлер Кеил қаласына шабуыл жасап, қырмандағы астықтарын тонап жатыр» деген хабар жетті.
2 Сонда Дәуіт Жаратқан Иеден: «Мен барып, сол філістірлерге шабуыл жасайын ба?» — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие: «Иә, барып, філістірлерге шабуыл жасап, Кеилді құтқар!» — деп жауап берді.
3 Бірақ Дәуіттің қасындағы серіктері: «Бізге мұнда, Яһуда елінің ішінде-ақ қауіп-қатер төнуде. Ендеше қалайша біз Кеилдегі філістір жасағына қарсы аттанбақпыз?!» — деп шүбә келтірді.
4 Дәуіт қайтадан Жаратқан Иенің еркін сұрағанда, Ол: «Жинал, Кеилге ылдилап бар! Мен філістірлерді қолыңа түсіріп беремін», — деп жауап қайырды.
5 Содан Дәуіт адамдарымен Кеилге барып, філістірлермен шайқасып, оларға қатты соққы берді де, көлік малдарын айдап алып кетті. Осылай Дәуіт Кеилдің халқын құтқарып қалды.
6 Бірақ Саул патша Дәуіттің Кеилге барғаны жайлы хабар алып: «Құдай одан бас тартып, қолыма ұстап беріп отыр! Шығуы қиын бекіністі қалаға кіріп, Дәуіт тұзаққа өзі түсіп тұр!» — деді. Патша бүкіл жасағын Кеилге қарай жорыққа аттандырып, оларға Дәуіт пен серіктерін қоршап алуға әмір етті. Ал Ахимәлік ұлы Абиятар Кеилдегі Дәуітке қашып келгенде, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін әкелген болатын.
9 Саулдың өзіне зұлым жоспар құрып жатқанын біліп алған Дәуіт Абиятардан осы жеңсіз сырт киімді қасына алып келуін өтінді.
10 Дәуіт мінажат етіп: «Уа, Жаратқан Ие, Исраилдің Құдайы! Саулдың осы Кеилге келіп, оны маған бола құртпақ болып жатқанын естіп отырмын.
11 Мен естігендей, Саул шынымен осында келе ме? Кеилдің адамдары мені оған ұстап бере ме? Уа, Исраилдің Құдай Иесі, алдыңдағы пендеңе осы туралы білдіре гөр!» — деп сұрады. Жаратқан Ие: «Рас, келеді!» — деп жауап қайырды.
12 Дәуіт тағы да: «Кеилдің тұрғындары мені және қасымдағы адамдарды Саулдың қолына ұстап бере ме?» — деп сұрағанда, «Иә, ұстап береді!» — деген жауап алды.
13 Сонда Дәуіт шамамен алты жүздей адамымен Кеилден шығып, әр жерге орын ауыстырып жүре берді. Дәуіттің қаладан кетіп қалғаны туралы хабар жеткенде, Саул жорыққа шықпайтын болып шешті.
14 Бұдан былай Дәуіт айдаладағы бой тасалайтын жерлерде және Зиф қаласына жақын елсіз қыраттарда жасырынып жүрді. Саул оны күн сайын іздеумен болды, бірақ Құдай Дәуітті оның қолына түсірмеді.
15 Дәуіт Зифке жақын елсіз өлкедегі ну орманда жүрген кезінде өзін құртпақ болып Саулдың тағы да шығып келе жатқаны туралы білді.
16 Алайда Саул ұлы Жонатан Дәуітке ну орманға келіп, оның Құдайға деген сенімін нығайтып:
17 «Қорықпа! Әкемнің қолына ешқашан түспейсің. Сен Исраилдің патшасы, ал мен елдің сенен кейінгі екінші адамы боламын. Мұны әкем де жақсы біледі», — деп жігерлендірді.
18 Екеуі Жаратқан Иенің алдында достықтарын тағы да сертпен бекітті. Содан соң Жонатан үйіне кетіп, Дәуіт ну орманда қала берді.
19 Сол тұста Зифтің тұрғындары Гибеяға Саулдың алдына барып: — Тақсыр, Дәуіт біздің жақта, ну ормандағы адам аяғы баспайтын жерлерде, Есімонның оңтүстігіндегі Һақила қырында тығылып жүр екен!
20 Уа, патша иеміз, қалаған кезіңізде бізге келіңіз. Сонда оны сізге ұстап беру өз мойнымызда, — деп ұсыныс жасады.
21 Саул былай деп жауап берді: — Маған жандарың ашығаны үшін Жаратқан Ие сендерді жарылқасын!
22 Барып, қайтадан бәрін тексеріңдер! Дәуіттің қай жерлерде жүретінін, оны кімнің көргенін сұрастырып біліп алыңдар. Себебі жұрт оны нағыз айлакер дейді.
23 Оның тығылатын барлық жерлерін жақсылап қарап шығып, маған нақты мәлімет алып қайтып келіңдер! Сонда мен де сендермен бірге шығамын. Егер ол сол аймақта болса, оны Яһуда руының күллі әулеттерінен де іздеп, тауып аламын!
24 Келгендер Зифке Саулдан бұрын оралды. Сол кезде Дәуіт пен оның жігіттері Мағон даласында, Есімонның оңтүстік жағындағы елсіз алқапта жүрген еді.
25 Саул жасақшыларымен оларды іздеуге шықты. Дәуіт бұл туралы естіп, Мағон даласындағы жартасты төбеге ығысып, соны паналады. Саул мұны біліп алып, Дәуіттің артынан қуып сол жерге қарай беттеді.
26 Саул қыраттың бір жағымен жүріп, ал Дәуіт пен қасындағы жігіттері құтылып кетуге асығып, қыраттың келесі жағымен кетіп бара жатты. Саул мен оның жасақшылары Дәуітті қолға енді-енді түсіреміз деп, қоршай бастаған сәтте
27 Саулға бір хабаршы суыт келіп: «Тез жете көріңіз! Філістірлер елімізге баса-көктеп шабуыл жасап жатыр!» — деген суық хабар әкелді.
28 Сонда Саул Дәуітті қууын доғарып, філістірлерге тойтарыс беруге аттанды. Сол күні Дәуіт пен Саулды ажыратып тұрған жартасты қырат кейіннен «Ажырату жартасы» деп аталып кетті.