Патшалықтар 1-ж
Тарау 15
Бірде Самуил Саулға былай деді: «Маған баяғыда сені Өзінің халқы Исраилдің үстінен патша етіп тағайындауды Жаратқан Ие тапсырған болатын. Енді Оның айтқан сөздеріне құлақ сал!
2 Әлемнің Иесі мынаны айтады: Кезінде Исраилдің үрім-бұтағы Мысырдан көшіп шығып келе жатқанда, Амалек тайпасы оларға қарсы соғысып, жолын бөгеген болатын. Қазір Мен Амалектің сонысын есіме түсіріп, жазаламақпын.
3 Енді барып, амалектіктерді шап! Олардағылардың бәрін (Маған бағыштап) түгелімен қырып-жой! Еш аямастан еркектері мен әйелдерін, балалары мен нәрестелерін, ірі қара мен ұсақ малдарын, түйелері мен есектерін құрт!»
4 Сонда Саул жасақшыларын жинап алып, Телаим деген жерде түгендеп шықты. Исраилдің басқа руларынан екі жүз мың жаяу сарбаз жиналыпты, ал Яһуда руынан келгендердің саны он мың болды.
5 Саул аттанып, Амалектің қаласына жақындағанда бір терең сайдың ішіне тығылып, жауды аңдыды.
6 Ал Кен тайпасына ол былай деп хабар жіберді: «Сіздерді де Амалекпен қоса құртып тастап жүрмеуім үшін олардың арасынан бөлініп, шығып кетіңіздер. Себебі Мысырдан көшіп шығып келе жатқан Исраилдің үрім-бұтағына мейірімділік көрсеткен едіңіздер». — Сонда кендіктер Амалек тайпасынан бөлініп шығып, кетіп қалды.
7 Бұдан кейін Саул Амалекке шабуыл жасады. Олармен Хавиладан бастап, Мысырмен шекарадағы Шурға дейін соғысып,
8 Амалек патшасы Агагты тірілей қолға түсіріп, халқының біреуін де қалдырмай қырып тастады.
9 Алайда Саул мен оның сарбаздары Агагты және ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең жақсыларын: бордақы тайынша, тоқтыларды, жалпы, малдың қоңдыларын аяп, жойғылары келмеді. Олар тек пайдасыз, арық-тұрақтарын ғана (Жаратқан Иеге бағыштап) құртты.
10 Сонда Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап:
11 «Саулды патша етіп тағайындағанымнан қайтамын. Себебі ол Менен теріс айналып, бұйрықтарымды орындамады», — деді. Ал Самуил қатты ренжіп, түні бойы Жаратқан Иеге жалбарына сиынып шықты.
12 Ертеңіне ол ерте тұрып, Саулмен кездесу үшін жолға шыққанда «Саул Кәрмел қаласына барып, сонда өзінің құрметіне ескерткіш орнатып, әрі қарай Ғылғалға кетті», — дегенді естіді.
13 Самуил Саулға жолыққанда, ол амандасып: — Сізді Жаратқан Ие жарылқай берсін! Оның бұйрығын орындап шықтым, — деді.
14 Самуил: — Менің құлағыма қойдың маңырауы мен сиырдың мөңіреуі шалынып тұр ғой. Бұл қалай? — деп сұрағанда,
15 Саул: — Олар Амалектен әкелінгендер. Жасақшылар ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалу үшін сақтап қалыпты. Ал басқаларын біз жойып жібердік, — деп жауап қайырды.
16 Сонда Самуил: — Кідіре тұр, Жаратқан Иенің осы түнде маған нені білдіргенін саған айтып берейін! — деді. Саул: — Айта көріңіз, — дегенде,
17 Самуил оған: — Өзіңді кішімін деп санап жүргеніңде Исраил руларының басына айналмап па едің? Сені Исраилдің патшасы етіп тағайындаған Жаратқан Иенің Өзі.
18 Ол саған: «Барып, осы зұлым Амалекті (Маған бағыштап) толығымен құрт! Олармен соғысып, біржола жойғанша тоқтама!» деп бұйырып, сені жорыққа аттандырған еді.
19 Неліктен сен Жаратқан Иені тыңдамай, олжаға бас салдың? Неге Жаратқан Иенің алдында сұмдық іс жасадың? — деді.
20 Алайда Саул: — Жаратқан Иенің тілін алдым ғой! Мен Жаратқан Иенің жіберген жағына барып, Амалек патшасы Агагты осында алып келдім, оның халқын түгелдей қырып-жойдым.
21 Ал жасағым болса, олар қолға түскен олжаның түгел жойылып кетуге белгіленіп қойылған ұсақ малдары мен мүйізді ірі қараларының ең жақсыларын осы Ғылғалда Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға алып келді, — деп қарсылық білдірді.
22 Бірақ Самуилдің жауабы мынау болды: — Жаратқан Иеге шын ұнайтын — Құрбандық пен басқа сый-тарту ма, Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?! Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан, Еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған!
23 Құдайға бағынбау — ауыр күнә, сәуегейлік секілді, Қасарысу — сұмдық іс, жалған тәңірге табыну іспетті! Сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың, енді Ол да сені патша етуден бас тартты.
24 Сонда Саул: — Мен Жаратқан Иенің бұйрығын және сіздің айтқандарыңызды орындамай күнә жасадым. Жасағымнан сескеніп, солардың айтқандарын істедім.
25 Ал енді, күнәмді кешіріп, менімен бірге қайтыңыз. Мен Жаратқан Иеге ғибадат етейін, — деп өтінді.
26 Бірақ Самуил: — Сенімен бірге қайтпаймын. Себебі сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың. Содан Жаратқан Ие сені патша етуден бас тартты, — деп,
27 кетпекші болып бұрылды. Сонда Саул оның ұзын шапанының етегіне шап ете жармасып, жыртып, бір бөлігін жұлып алды.
28 Сонда Самуил: — Жаратқан Ие бүгін сенен патшалық билікті жұлып алып, замандастарыңның біреуіне берді! Сол адам сенен жақсы.
29 Исраилдің ұлы Құдайы сөзіне адал, айтқанында тұрады. Ол ойын өзгерте беретін пенде сияқты емес, — деді. Саул:
30 — Мен күнә жасадым. Алайда мені халқымның рубасыларының көзінше әрі бүкіл Исраилдің көзінше құрметтей көріңіз! Екеуіміз бірге оралайық. Сонда Құдайыңыз — Жаратқан Иеге ғибадат етемін, — деп жауап берді.
31 Соңында Самуил онымен бірге кетіп, Саул Жаратқан Иеге ғибадат етті.
32 Содан кейін Самуил: «Маған Амалек патшасы Агагты алып келіңдер!» — деп бұйырды. Агаг Самуилге кібіртіктеп жақындап: — Ажалдың ащылығынан құтылған шығармын, — деді.
33 Ал Самуил оған: — Сен семсеріңмен аналарын балаларынан айырған едің. Ендеше сенің анаң да әйелдердің арасында баласыз қалсын! — деді. Содан Самуил Агагты Ғылғалда Құдайдың (құрбандық орнының) алдында шауып өлтірді.
34 Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайта оралды, ал Саул «Саулдың Гибеясы» деп аталған өз қаласындағы сарайына кетті.
35 Бұдан былай Самуил өле-өлгенше Саулмен кездеспеді. Бірақ ол Саул үшін қайғырып оны жоқтап жүрді. Ал Жаратқан Ие Саулды Исраилдің патшасы етіп тағайындағанынан біржола бас тартқан еді.