Патшалықтар 1-ж
Тарау 22
Осылай Дәуіт Ғаттан кетіп, Адуллам үңгіріне барып, бас сауғалады. Бұл туралы оның ағалары мен туған-туысқандары естіп, қасына келді.
2 Сонымен қатар, бастарына іс түскен, қарызға батқан немесе өмірге күйінген әр түрлі адамдар да маңайына жиналды. Дәуіт олардың басшысына айналып, қарамағында төрт жүздей кісісі болды.
3 Дәуіт сол жерден Моаб еліндегі Миспаға барып, Моаб патшасына: «Құдайдың маған деген еркін біліп алғаныма дейін әке-шешем қастарыңызда тұра тұрсын!» — деп рұқсат сұрап алды.
4 Дәуіт осылай ата-анасын Моаб патшасының қарамағында қалдырды. Өзі таудағы бой тасалап бекінуге ыңғайлы жерлерде жасырынып жүрген кезде олар Моабта тұра берді.
5 Ал Ғад пайғамбар Дәуітке: «Сен осы тауда бой тасалап жүре берме. Яһуда руының еліне бар», — деп тапсырды. Содан Дәуіт еліне қайтып, Хәрет орманына барды.
6 «Жұрт Дәуіт пен оның адамдарын көріпті» деген хабар Саул патшаға да жетті. Сол кезде патша Гибеядағы төбе басындағы жыңғыл ағашының түбінде отырған еді. Қолында сүңгісі болды, айналасында қоршап нөкерлері тұрды.
7 Саул оларға: — Сөзімді тыңдаңдар, Бунямин руының еркектері! Әлде Есейдің баласы бәріңе егіндік, жүзімдік жер беріп, әрқайсыңды мыңбасы не жүзбасы етіп тағайындамақ па?
8 Осыған дәмеленіп, барлығың маған қарсы сөз байласып жүрсіңдер ме? Өз ұлымның Есейдің баласымен достасып серттескені туралы да маған ешкім айтқан жоқ! Ешқайсың маған жандарың ашып, ұлымның өз нөкерімді өзіме қарсы қойып, соның мені аңдып жатуына түрткі болғаны жайлы да айтқан жоқсыңдар! Ал енді сол анық болды, — деп наразылық білдірді.
9 Осы кезде Саулдың нөкерлерінің жанында тұрған едомдық Доиқ: — Мен Есейдің баласының Нобқа, Ахитұб ұлы Ахимәлікке барғанын көрдім.
10 Ахимәлік Дәуіт үшін Жаратқан Иеден ақыл сұрап, оған азық-түлік, тіпті філістір Ғолияттың семсерін де берді, — деді.
11 Патша Нобта діни қызмет атқарып жүрген Ахимәлік пен оның әкесінің әулетіндегілердің барлығын алып келуге кісілерін жұмсады.
12 Саул Ахимәлікке: — Сөзіме құлақ сал, Ахитұб ұлы! — деді. — Иә, тақсыр, тыңдап тұрмын! — деп жауап қатты ол.
13 Саул: — Есейдің баласына нан мен семсер беріп, Құдайдан ол үшін ақыл сұрап, екеуің неге маған қарсы сөз байластыңдар? Енді ол, міне, бүлік шығарып, мені аңдып жүр! Бүгін сол анық болды! — деді.
14 Ахимәлік: — Нөкерлеріңіздің арасында сізге Дәуіттей адал біреу бар ма? Тақсыр, ол — әрі күйеу балаңыз, әрі жеке сақшыларыңыздың қолбасшысы. Сарайыңыздағылардың барлығы да оны құрметтейді.
15 Мен сол күні Құдайдан ол үшін бірінші рет ақыл сұрадым дейсіз бе? Жоқ, осыдан бұрын да солай істейтін едім ғой. Уа, патша ағзам, соған бола мені де, әкемнің әулетін де кінәлай көрмеңіз. Болған істің бәрінен мүлдем бейхабармын! — деп жауап берді.
16 Алайда патша: — Ахимәлік, өзің де, әкеңнің барлық әулеті де өлуге тиіссіңдер! — деп шешті.
17 Қасында тұрған сақшыларына бұйрық беріп: — Барыңдар, Жаратқан Иенің діни қызметкерлерін өлтіріңдер! Себебі олар да Дәуітті қолдайды. Оның қашып жүргенін білсе де, маған ол туралы айтпады! — деді. Бірақ патшаның сарбаздары Жаратқан Иенің діни қызметкерлеріне қарсы қол көтергілері келмеді.
18 Сонда патша Доиққа: — Бар, діни қызметкерлерді сен өлтір! — деп бұйырды. Едомдық Доиқ діни қызметкерлерге бас салып, қасиетті киім киген олардың сексен бесін сол күні-ақ өлтірді.
19 Сондай-ақ діни қызметкерлердің қаласы Нобтың барлық тұрғындарын да, еркек болсын, әйел болсын, бала болсын, нәресте болсын, ірі қара, есек немесе ұсақ мал болсын, бәрін де семсерімен шауып өлтірді.
20 Тек Ахитұб ұлы Ахимәліктің баласы Абиятар ғана қашып құтылды. Ол Дәуітке барып,
21 Саулдың Жаратқан Иенің діни қызметкерлерін өлтірткені туралы айтып берді.
22 Дәуіт Абиятарға: «Қап, сол күні едомдық Доиқты сонда көргенімде оның Саулға бәрін жеткізетінін білген едім! Әкеңнің бүкіл әулетінің өлімге ұшырағанына мен кінәлімін.
23 Қасымда қал, ештеңеден қорықпа. Сені өлтірмек болғандар менің де жанымды алмақ болып жүр. Қасымда жүрсең, аман боласың», — деді.