Еврейлерге

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13


Тарау 8

Айтып жатқандарымыздың ең бастысы мынау: көкте біздің Бас діни қызметкеріміз бар; Ол тағына жайғасқан Ұлылық Иесінің оң жағындағы құрметті орнында отыр.
2 Сол жерде Ол адам баласы емес, Жаратқан Иенің Өзі көкте тұрғызған шынайы киелі үйде қызметін атқарып жүр.
3 Әрбір бас діни қызметкер Құдайға сый-тарту мен құрбандық жасау үшін тағайындалады. Сол сияқты біздің Бас діни қызметкеріміздің де Құдайға ұсынатын құрбандығы болуға тиіс еді.
4 Егер Ол жер бетінде қалса, діни қызметкер бола алмас та еді. Себебі Таурат заңы бойынша ғибадатханада құрбандық жасайтын арнайы діни қызметкерлер бар.
5 Бұлардың құлшылық етуі көктегі рухани қызметке ұқсағанмен, онымен бірдей емес. Мұса киелі шатырды дайындауға кіріскенде Құдай оған: «Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!» — деп ескертті ғой.
6 Ал Исаға жер бетіндегі діни қызметкерлердің міндетінен анағұрлым жоғары қызмет тапсырылды. Сол сияқты Ол Құдай мен адамдардың арасындағы бұрынғысынан гөрі жақсы Келісімге жол ашты. Бұл Құдайдың ерекше игілікті уәделеріне негізделген.
7 Егер бұрынғы Келісім ешбір кемшіліксіз болған болса, онда өзгесін жасаудың керегі болмас та еді.
8 Алайда (Еремия пайғамбар) халқының айыбын әшкерелегенде былай деген: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп алыңдар, Мен Исраилдің және Яһуданың үрім-бұтақтарымен Жаңа Келісім жасайтын уақыт келеді.
9 Бұл Келісім Мен олардың ата-бабаларын қолдарынан жетелеп Мысырдан алып шыққанда солармен жасаған Келісіміммен бірдей болмайды. Өйткені олар бұл Келісіміме адал болмағандықтан ықыласымнан айырылды, — дейді Жаратқан Ие. —
10 Қайта, Менің кейінгі заманда Исраил халқымен жасайтын Келісімім мынадай болады: Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне «жазып» та қоямын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады, — дейді Жаратқан Ие.
11 Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: «Жаратқан Иені жақыннан танып біл!» деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады.
12 Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмайтын боламын».
13 Осылай Құдай «Жаңа Келісім» дегенде бұрынғысының ескіргендігін білдірді. Ал ескіріп, көнерген нәрсе көп ұзамай күшінен айырылып, жойылмақ.