Еврейлерге
Тарау 2
Сол себепті біз беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін Мәсіх туралы естігендерімізге мықтап ден қоюымыз керек.
2 Құдайдың періштелер арқылы (Мұсаға) жеткізген Таурат заңын халықтың бәрі берік ұстануға міндетті болды. Кім оның ережелерін бұзып, бағынбаса, сол әділ жазасын тартты. Бұл осылай болған күнде,
3 егер біз сондай керемет құтқарылуды елемесек, онда жазадан қалайша құтылмақпыз? Осы құтқарылуды алғашқыда Иеміздің Өзі паш еткен еді. Оны өз құлақтарымен естіген куәгерлер кейін соған біздің де көзімізді жеткізді.
4 Құдай Өзінің құдіретін көрсетіп, түрлі таңғаларлық кереметтер мен ғажайып істер жасау арқылы және Киелі Рухтың өз еркіне сай әркімге үлестіріп берген түрлі рухани дарындары арқылы да осы Ізгі хабарды растады.
5 Біз айтып отырған болашақ әлемді Құдай періштелердің қол астына тапсырған емес.
6 Қайта, Киелі жазбалардың бір жерінде осы туралы біреу мынаны байыппен айтқан ғой: «Өзің ескеретіндей адам сонша кім? Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?
7 Оны періштелерден сәл төмен қойдың, Құрмет, салтанатты оған тәждей сыйладың,
8 Бәрін де оған бағындырып бердің». Құдай адам баласына бәрін де бағындырып берген кезде оған бағындырмаған еш нәрсені қалдырған жоқ. Алайда біз бәрінің де адам баласына бағынғандығын қазір көре алмаймыз.
9 Бірақ Исаның азапты өлім шеккені үшін Патша ретінде ғаламат салтанат пен құрметке бөленгенін көреміз. Ол біраз уақыт періштелерден төмен болып, Құдайдың рақымының арқасында күллі адамзат үшін жанын қиды.
10 Тәңір Ие көптеген адамдарды күнәдан құтқарып, Өзінің рухани балалары етіп құрметке бөледі; ал оларға құтқарылу жолын салған Мәсіхті азап шегуі арқылы кемелді Бастаушы етті. Бүкіл әлемді Өзі үшін жаратқан Құдайға осы лайық еді.
11 Адамдарды Оған бағыштаған Мәсіх те, сол адамдар да бір Әкеден тарайды. Сондықтан да Мәсіх оларды бауырларым деп атаудан ұялмайды.
12 Ол алдын ала былай деген: «Атыңды бауырларыма білдіремін, қауым жиынында Сені дәріптеймін». — Ол тағы мынадай сөздер де айтқан:
13 «Мен Оған сенімімді арта беремін» және «Міне, Мен және Жаратқан Ие Маған сыйлаған (рухани) балалар мұндамыз!»
14 Тәңір Иенің рухани балалары ет пен сүйектен жаралғандықтан, Иса да ет пен сүйектен тұратын тәнді қабылдады. Осылайша Ол Өзінің құрбандық өлімі арқылы өлімнің әміршісін, яғни әзәзіл шайтанды, жеңіп шықты,
15 әрі өмір бойы өлімнен қорқып, шайтанның құлы болып жүрген адамдарды азат етті.
16 Себебі Мәсіх періштелердің емес, Ыбырайымның ұрпақтарының қамын ойлайды.
17 Сондықтан Ол барлық жағынан бауырластарына ұқсас болуға тиіс еді. Осылай Мәсіх Құдайға қызмет ететін қайырымды да адал Бас діни қызметкер болып, өз жанын халқының күнәларының құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды.
18 Өзі азап шегіп ауыр сынаққа төзген Ол сынақтан өтіп жатқан бізге де көмектесе алады.