Титке

1 2 3


Тарау 2

Ал сен дұрыс ілімге сай келетінді үйретуің керек.
2 Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты әрі байсалды, олардың сенімі, сүйіспеншілігі және шыдамдылығы шынайы да берік болуға тиіс.
3 Сол сияқты, егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: олар ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын.
4 Егде әйелдер қыз-келіншектерді күйеулері мен балаларын сүйіп,
5 байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға жігерлендіріп үйретсін. Осылайша олар Құдай сөзінің жамандалуына жол бермесін.
6 Осы секілді, жігіттерді де байсалды болуға шақыр.
7 Өзің барлық істе де ізгіліктің үлгісі, тәлім беруде адал және байыпты бол.
8 Айтқан сөзің айыпталмайтындай дұрыс бола берсін, сонда қарсыластарымыздың бізді жамандайтын еш нәрселері болмай, ұятқа қалады.
9 Басыбайлы қызметшілер қожайындарына барлық істе де мойынсұнып, көңілдерінен шығуға ұмтылсын. Оларға қарсы сөйлемей,
10 ұрлық жасамай, әрдайым шын көңілмен адал болулары керек; осылайша Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтсін.
11 Өйткені Құдайдың бүкіл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы анық білінді.
12 Ол бізді Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ және Құдайға ұнамды өмір сүруге бағыттайды.
13 Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады.
14 Ол бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болды.
15 Бұларды қауымдарға барлық беделіңмен айтып беріп, насихаттап, елемейтіндерді әшкереле. Ешқайсысы сені менсінбей жүрмесін.