Титке
Тарау 1
Құдайдың қызметшісі әрі Иса Мәсіхтің елшісі Пауылдан дұғай сәлем. Құдай таңдап алғандарын Мәсіхке сендіріп, Өзіне ұнамды өмір туралы шындықты білуге жетелеу үшін мені тағайындап, жіберді.
2 Осы сенім мен білім мәңгілік өмірге деген үмітімізге негізделген. Жалған сөйлемейтін Құдай бізге сол өмірді әуел бастан-ақ уәде етіп,
3 Өзі белгілеген уақытында хабарын уағыздатып, паш еткізді. Соны уағыздау Құтқарушымыз Құдайдың бұйрығымен маған да аманатталды.
4 Менімен бірге бір сенімдегі шынайы балам іспетті Титке Құдай Әке мен Құтқарушымыз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
5 Мен сені Критте аяқталмай қалған істерді реттеп, әрбір қаладағы қауымға жетекшілер тағайындау үшін қалдырған едім. Менің нұсқауларымды ұмытпа:
6 жетекші ешбір кінәратсыз, әйеліне адал, ал балаларының сенуші болуы қажет. Жұрт оларға мінез-құлықтары жаман, ешкімге мойынсұнбайды деп айып тақпауға тиіс.
7 Себебі қауым басқарушысына Құдайдың жұмысына жетекшілік ету сеніп тапсырылады, сондықтан ол мінсіз болып, менмен, ашушаң, арақ-шарапқа салынған, ұрыншақ, пайдакүнем болмауы керек.
8 Керісінше, ол қонақжай, ізгілік атаулыны сүйетін, байсалды, әділ, пәк таза әрі ұстамды болуға міндетті.
9 Сондай-ақ, ол басқаларды дұрыс ілімге үйретіп, соған еруге жігерлендіріп, Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алуы үшін ілімімізге сәйкес шынайы хабарды берік ұстануға тиіс.
10 Өйткені бағынбайтындар, бос сөйлеушілер және алдаушылар көп, әсіресе яһуди дәстүрлерін ұстанушылар арасында.
11 Мұндайлардың ауыздарын жабу қажет, себебі олар оқытпауға тиісті нәрселерді арам пайдалары үшін насихаттап, кейбір отбасыларын түгелдей тура жолдан адастырады.
12 Криттіктердің біреуі, өздерінің пайғамбары: «Криттіктер — әрдайым өтірікшілер, зиянды хайуандар, еріншек мешкейлер», — деген.
13 Бұл — шынайы куәлік. Сол себептен де оларға мықтап ескерт: дұрыс сенімді ұстанып,
14 яһуди аңыздарына, шындықтан адасқан адамдардың ережелеріне ден қоймасын!
15 Көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естері де, ар-ұждандары да арамданғандар.
16 Құдайды білеміз десе де, мұнысын іс-әрекеттерімен жоққа шығарады; олар — жек көрінішті, ешкімге бағынбайтын, ешқандай игі істер жасауға жарамсыз жандар.