Тімотеге
Тарау 6
Құлдықта жүрген барлық қызметшілер қожайындарын құрмет атаулыға лайық деп есептесін! Әйтпесе Құдайдың есімі мен біздің ілімімізге жұрт тіл тигізіп жүрер.
2 Қожайындары сенуші болса, қызметшілері соларға рухани бауырласым деп тиісті құрмет көрсетпей жүрмесін! Керісінше, оларға одан да жақсы қызмет етуге тиіс. Себебі соның пайдасын көретіндер — олардың сүйікті бауырластары ғой. Осы нұсқауларды қауымға үйретіп ескерте бер!
3 Ал басқаша тәлім беріп, Иеміз Иса Мәсіхтің шынайы сөздерімен және Құдайға ұнамды өмір салтына жетелейтін ілімімен келіспеген адамдар
4 кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмейді. Олар тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауырады. Бұл қызғаныш, дау-жанжал, жамандау және арам күдік тудырып,
5 ақыл-естері уланған, шындықты білуден ада болған адамдардың арасындағы үздіксіз ұрыс-керіске себепші болады. Ондайлар Құдайға ұнамдылықты байлыққа қол жеткізудің жолы деп санайды.
6 Расында да Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткізеді.
7 Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, одан ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық.
8 Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік.
9 Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құрып кетуге апаратын көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі.
10 Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп-тамыры. Кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті.
11 Ал сен, Құдайдың таңдаған адамы, мұндайлардан алшақ жүріп, әрдайым әділ, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім мен сүйіспеншілікке, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер.
12 Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп, мәңгілік өмірді берік ұстан. Құдай сені осыған шақырды, өзің де көптеген куәлардың алдында Ізгі хабарды мойындадың.
13 Барлық жаратылысқа өмір сыйлаған Құдай алдында және Понти Пилат тергеген кезде Ізгі хабарды табандылықпен мойындаған Иса Мәсіх алдында саған мынаны аманаттаймын:
14 берілген нұсқауларды Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келіп, ұлылықпен көрінетін күніне дейін мүлтіксіз, таза орында!
15 Құдай Өзінің белгілеген кезінде Мәсіхті салтанатпен көрсететін болады. Ол — мадақталған, бірден-бір қуатты Билеуші, патшалардың Патшасы, иелердің Иесі,
16 мәңгіліктің жалғыз Иесі! Ол ешкім жақындай алмайтын нұрда тұрады, ешбір адам баласы Оны көрген де емес, көре де алмайды. Қадір-құрмет пен билік мәңгі Онікі! Аумин.
17 Осы дүниелік мал-мүлікке бай сенушілерге мынаны ескерт: олар менмен болмасын және сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол адамдар рақатын көрсін деп игіліктердің бәрін сыйлайды.
18 Байлар жақсылық жасай беріп, игі істерге дарқан әрі жомарт болып, басқалармен бөліссін.
19 Осылай олар өздеріне келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ.
20 О, Тімоте, қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз, бос сөздерден және «білімпаздық» деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол!
21 Кейбіреулер оларды ұстанып, жариялап, сенім жолынан тайып, адасып кетті. Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра берсін! (Аумин.)