Тімотеге

1 2 3 4 5 6


Тарау 2

Ал енді, ең алдымен мынаны ескертемін: барлық адамдар үшін Құдайға сиынып, өтініштерің мен алғыстарыңды білдіріңдер.
2 Патшалар мен басқа да барлық әкімшілік иелері үшін де мінажат ету керек; соның нәтижесінде біз барлық жағдайда Құдайға ұнамды да адал болып, тыныш та бейбіт өмір сүрмекпіз.
3 Бұл игілікті әрі Құтқарушымыз Құдайға ұнамды.
4 Ол барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды.
5 Құдай — біреу-ақ, Құдай мен адамдар арасын Келістіруші де Біреу, Ол — адам (болып дүниеге келген) Иса Мәсіх.
6 Бәрін күнәнің құлдығынан босату үшін Мәсіх жанын құрбан етіп, соның төлемін өтеді. Бұған дер кезінде куәлік берілді.
7 Оны жариялау үшін уағыздаушы және елші болуға тағайындалдым. Еш өтірік емес, Мәсіх алдында нағыз шындықты айтып тұрмын: Ол мені халықтарға сенім мен шындық туралы тәлім беруге жіберді.
8 Сонымен ер адамдардың әр жерде адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болып, Құдайға сиынуларын қалаймын.
9 Сол сияқты, әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, інжу-маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын.
10 Оларды істеген игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық.
11 Әйелдер тыныштықпен, әр жағдайда (қауым жетекшілерінің басшылығына) мойынсұнып тәлім алсын.
12 Олардың (Құдайдың ілімі жайлы) тәлім беріп, ер адамдарға билік жүргізулеріне жол бермеймін; олар тыныш болсын.
13 Алдымен Адам ата, содан кейін Хауа ана жаратылған
14 және Адам ата емес, әйел әзәзілге алданды. Осылай ол Құдайдың бұйрығын бұзды.
15 Ал егер әйелдер сенім мен сүйіспеншілікті, қасиеттілік пен ұстамдылықты ұстанса, аналық міндетін атқарғанда (күнәнің ықпалынан) аман сақталады.