Нақұм
Тарау 3
Қан төгуге, өтірікке толы, ұрлық пен тонау толастамайтын қала — Ниневи қасіретке қалады!
2 Қамшының сартылы, дөңгелектің тарсылы, жылқының дүбірі, соғыс күймелерінің дүрсілі естіліп тұрады.
3 Атты әскер алға жүйіткіп, семсерлер жарқылдап, найзалар жалт-жұлт етеді. Көп адам қырылып, сансыз өліктер үйіліп, жұрт өліктерге сүрінетін болады.
4 Осының бәрі Ниневидің шексіз азғындығымен үшін басына түседі. Сұлу да тартымды болып, сиқыршылықты әбден меңгерген бұл қала арам іс-әрекетімен халықтарды баурап алды да, көп әулеттерді сиқыршылығымен құлдыққа сатты.
5 «Мен саған қарсымын, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Сенің етегіңді бетіңе дейін түргіземін! Халықтар мен патшалықтарға сенің жалаңаш тәніңді ашып, абыройыңды төгемін.
6 Сені кір-қоқыспен атқылап қорлаймын, кім екеніңді барша жұртқа паш етемін.
7 Көргендердің барлығы сенен қашып: «Ниневи қирап қалды, енді кім оған көңіл айтпақ?» дейді. Оны жұбататын ешкім де табылмайды».
8 Әлде сен Ніл өзенінің бойында орналасқан, айналасын су қоршаған Но-Аммон қаласынан артықсың ба? Өзен сол қаланың қорғанышы, қоршаған суы оның қамалы іспетті болған еді.
9 Құш пен Мысыр оның шексіз қуаты, Пұт пен Либия оның қолдаушыларының қатарында болатын.
10 Бірақ та оның халқы тұтқындалып, айдалып кетті; сәбилері әр көшенің қиылысында ұрылып өлтірілді. Жаулап алушылар абыройлы адамдарын жеребе тастап бөлісіп алып, барлық ұлықтарын кісендеп айдап әкетті.
11 Ал енді, Ниневи, сен де (Жаратқан Иенің қаһарынан) мас болғандай тәлтіректеп жүресің! Сен де тығылып, жаудан бас сауғалайтын орын іздейтін боласың.
12 Інжір ағашын ерте сілкігенде, піскен жемістері адамның аузына келіп түседі. Сенің барлық қамалдарың да дәл солай жау қолына түсетін болады.
13 Өз жасақшыларыңа көз тасташы: олардың барлығы да әйел сияқты әлсіз болады. Еліңнің қақпалары жауларыңа айқара ашылады, себебі олардың ысырмаларын от жалмап қояды.
14 Ниневи, қоршауға түсетін кезіңе дайындалып, су қорын жинап ал! Бекіністеріңді күшейт! Балшық илеп, әктас ерітіндісін дайындап, кірпіш қабырғаны жөнде!
15 Алайда от сені жалмайды, семсер шауып түсіріп, шегіртке құртындай жоқ қылады. Шегірткедей көбейіп, соның құртындай молайып көр, бәрібір жау сені жоятын болады.
16 Сенің саудагерлерің аспандағы жұлдыздардан да көбейіп кеткен, бірақ олар шегіртке құртындай елді тып-типыл қылып, ұшып кетеді.
17 Нөкерлерің көк шегірткелер іспетті, лауазымды адамдарың шегіртке үйірлері сияқты. Салқын күндері олар шарбақтарға қонып отырады да, күн ысығанда ұшып кетеді. Қайда кеткендерін ешкім білмейді.
18 Уа, Ассур патшасы, сенің бақташыларың мүлгіп отыр: сол даңқты әміршілерің демалып жатыр! Ал халқың таулардың арасына шашырап кеткен, оларды жинап әкелетін ешкім жоқ.
19 Сенің күйреуің ешкім жаза алмайтын жара іспетті, өзің құлдыраған өлімші халдесің. Басыңа түскен апат туралы естіген әркім соны қол шапалақтап қабылдайды. Себебі сенің шегі жоқ қаталдығыңды өз басынан өткізбеген ешкім қалмады.