Нақұм

1 2 3


Тарау 2

Уа, Ниневи халқы, сені шашырататын басқыншы саған қарсы аттанып келе жатыр! Қамалыңды күзетіп, жолдарыңды қадағала! Беліңді бекем буып, бар күш-қайратыңды жинақта!
2 Жаратқан Ие Яһуданың да, Солтүстік Исраилдің де салтанатын қайтадан қалпына келтіреді. Өйткені құртушы жаулары оларды талқандап, бау-бақшаларын да жермен-жексен қылған болатын.
3 (Ниневиді шабуылдаған) жасақшылардың қалқандары қан қызыл түсті, сол мықты жауынгерлер қырмызы шапан жамылған. Соғыс күймелері шайқасқа келе жатқанда темірлері оттай жалт-жұлт етеді. Сарбаздар қарағай найзаларын сілтелеп шайқасқа дайын тұр.
4 Соғыс күймелері қаланың көшелерімен құйындай жүйіткіп, алаңдармен зымырап, әрлі-берлі шапқылайды. Олар алаудай жалындап, найзағайдай жарқылдап зуылдайды.
5 Қолбасшы өзінің таңдаулы жасақшыларына бұйрық береді. Олар жол бойында сүрінгенмен қаланың қабырғасына қарай асығып, сонда дәу қорғаныш қалқандарын орнатып қояды.
6 Қыраттағы өзен қақпалары ашылып, топан су патша сарайын талқандайды.
7 Ниневи халқы айдауға кетуі керек деп шешіліп қойылған. Оның күң қыздары көгершіндей күңіреніп, қайғыдан көкіректерін соққылайды.
8 Ежелден Ниневи суға толы тоғанға ұқсайтын, бірақ қазір суы таусылып бара жатқандай, қала халқы қашып кетуде. «Тоқта, тоқта!» деген бұйрық берілсе де, ешкім артына бұрылмайды.
9 Жау: «Күмісті олжалаңдар! Алтынды да әкетіңдер!» — деп шақырады. Қала қазыналарындағы қымбат бұйымдар сансыз көп!
10 Ниневи тоналып, қиратылып, қаңырап бос қалады. Адамдар жүрексініп, тізелері дірілдеп, денелері қалтылдап, барлығының бет-жүздері аппақ қудай болады.
11 Арыстанның апанындай болған қала енді қайда екен? Еркек, ұрғашы арыстандар іспетті балаларын азықтандырып, ештеңеден қаймықпай шарлап, жер бетін кезіп жүрген қатыгез халық қайда енді?
12 Арыстан өзінің күшіктеріне жемтіктерін паршалап жеткілікті етіп әкеліп, ұрғашысын да қамтамасыз ететін. Ол апанын олжасы мен паршаланған жемтікке толтыратын.
13 «Мен саған қарсымын, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Мен сенің соғыс күймелеріңді өртеймін, семсер жас арыстандарыңды мерт қылады. Саған енді жер бетін олжалауға жол бермеймін. Сенің хабаршыларыңның паң дауыстары бұдан былай естілмейтін болады».