Даниял
Тарау 7
Белшазардың Бабыл еліне билік құрған бірінші жылы Даниял төсегінде жатқанда түсінде түрлі көріністер көрді. Содан ол түсінің мазмұнын жазып қалдырды.
2 Онда Даниял былай деп баяндады: — Түнде көрген түсімде аспанның төрт бағытынан қатар соққан желдің ұлан-ғайыр теңіздің астан-кестенін шығарып, сапырып жатқанын көрдім.
3 Сол кезде теңізден бір-біріне ұқсамайтын үлкен-үлкен төрт айуан шыға келді.
4 Біріншісінің сырт көрінісі арыстанға ұқсады, бірақ оның бүркіттің қанатындай қанаттары болды. Мен қарап тұрғанда қанаттары жұлынып тасталды. Айуан жерден көтеріліп, адам сияқты артқы екі аяғымен тұрғызылды. Бұған қоса оған адамдікіндей ақыл-сана да берілді.
5 Тағы қарағанымда екінші айуанның көрінісінің аюға ұқсайтынын байқадым. Ол бір жағымен көтеріле бастаған еді. Аузында тістеген үш қабырға бар екен. Осы айуанға: «Орныңнан тұр да, бас салып, етті молынан жалмай бер!» — делінді.
6 Содан кейін қарасам, қабыланға ұқсаған тағы бір айуан тұрды. Оның арқасында құстікі сияқты төрт қанаты бар екен, әрі төрт басы да болды. Осы айуанға билік жүргізу тапсырылды.
7 Содан соң түнгі түсімде төртінші айуанды да көрдім. Ол өте қорқынышты, үрей туғызатын және асқан қуатты екен. Оның үлкен-үлкен темір тістері болды. Айуан алдына келгеннің бәрін жалмап, парша-паршасын шығарып, қалғанын аяқтарымен таптап жүрді. Ол бұған дейінгі барлық айуандардан өзгеше болды. Оның он мүйізі де бар еді.
8 Сол мүйіздерге назар салғанымда, араларынан тағы бір кішкентай мүйіз шықты. Сонда оған орын босату үшін жаңағы мүйіздердің үшеуі түбімен жұлынып қалды. Осы мүйіздің адамдікіндей көздері және бөсіп мақтанған аузы болды.
9 Мен қарап тұра бердім. Соңында тақтар орнатылып, «Мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала» өз тағына отырды. Оның киімі мен шашы қардай аппақ, таза еді; отырған тағы лапылдап жанған оттан, ал тақтың дөңгелектері лаулаған жалыннан тұратын.
10 Тақта Отырғанның алдынан отты өзен шығып, ағып жатты. Сан мыңдаған нөкерлер Оған қызмет етіп, он мыңдаған түмендер Оның еркін орындауға дайын тұрды. Бүкіл сот тақтарына отырып, арнайы кітаптар ашылды.
11 Содан кейін мен бөсіп мақтанған сөздерін айтқан жаңағы мүйізбен не болатынына назар аудардым. Кенеттен көз алдымда сол төртінші айуан өлтіріліп, денесі лапылдап жанып тұрған отқа тасталып құртылды.
12 Қалған айуандар билігінен айырылды, әйтсе де белгілі бір уақытқа дейін тірі қалдырылды.
13 Мен сол түні көріп жатқан көріністерде кенеттен адам баласына ұқсайтын Біреудің аспандағы бұлттармен келе жатқанын байқадым. Ол мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағалаға жақындап келіп, Оның алдына әкелінді.
14 Оған құдірет, салтанатты ұлылық және патшалық билік тапсырылды. Барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдары Оған бой ұсынып құрмет көрсетуге тиіс болды. Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды!
15 Ал мен, Даниял, жаным түршіге қиналдым. Осы көрген көріністерім мені қатты абыржытты.
16 Сол жерде тұрған нөкерлердің біріне жақындап келіп, осының бәрін жорып беруін өтіндім. Сонда ол солардың шынайы мағынасын түсіндіріп айтып берді:
17 «Төрт үлкен айуан — жер бетінде пайда болатын төрт патшалық.
18 Бірақ Алла Тағалаға бағышталған адамдар патшалық билікті қабылдап алып, соған мәңгілік, иә, мәңгі бақи ие болады!»
19 Содан кейін мен басқалардан өзгеше, аса қорқынышты төртінші айуан туралы білгім келді. Ол темір тістерімен, қола шеңгелімен олжаларын езіп, жалмап, қалғандарын аяғымен таптайды екен.
20 Мен тағы сол айуанның басындағы он мүйіз туралы, әрі кейін солардың үшеуін түсіріп тастап, орнына өсіп шыққан жаңа мүйіз туралы да білгім келді. Соның көздері және бөсіп мақтанған аузы болды.
21 Мен қарап тұрғанда осы мүйіз Құдайға бағышталған адамдарға қарсы соғыс бастап, оларды жеңіп отырды.
22 Бірақ соңында мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала келді. Сонда Өзіне бағышталған адамдарды қолдаған үкім шығарылды. Осылай Тәңір Тағалаға бағышталған адамдардың патшалық билікті иемденетін уақыты жетті.
23 Әлгі нөкер маған тағы мына түсіндірмені де берді: «Төртінші айуан жер бетінде кейінірек пайда болатын патшалықты білдіреді. Ол басқа патшалықтардың бәрінен өзгеше болып, бүкіл жер бетін таптап, талқандап, жалмап қояды.
24 Оның он мүйізі осы патшалықтан шығатын он патшаны бейнелейді. Кейін олардан өзгеше тағы бір патша пайда болып, патшалардың үшеуін өзіне бағындырып алады.
25 Сол патша Алла Тағалаға қарсы сөйлеп, Оған бағышталған адамдарды жәбірлеп қалжырататын болады. Ол Құдайдың Тауратта белгілеген мейрамдары мен заңдарын өзгертуге ұмтылады. Құдайға бағышталған жандар бір кезеңге, екі кезеңге және жарты кезеңге оның қол астына беріледі.
26 Алайда сот жүргізілгенде сол зұлым патша билігінен айырылып, үстемдігі біржолата жойылып, құртылады.
27 Содан соң аспан астындағы бүкіл патшалықтардың билігі, құдіреті және салтанатты ұлылығы Құдай Тағалаға бағышталған халыққа тапсырылады. Оның Патшалығы мәңгілікке орнайды. Билеуші атаулының бәрі де Оған сиынып, мойынсұнатын болады».
28 Түсіндірменің соңы осы. Мен, Даниял, көріп-ойлағандарымнан қатты абыржып, жүзім құп-қу болып кетті. Бірақ та бұлардың барлығын көңіліме түйіп алдым.