Даниял

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12


Тарау 4

Мен, Набуходоносор, өз сарайымда рақат күй кешіп, молшылықта өмір сүріп жатқан едім.
2 Бірде төсекте жатқанымда өте қорқынышты түс көрдім. Ондағы қиялдар мен көріністерден үрейім ұшты.
3 Сондықтан мен түсімнің мағынасын жорып берсін деп Бабылдағы барлық білімпаздарды алып келуге бұйырдым.
4 Сәуегейлер, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршылар алдыма келгеннен кейін түсімді айтып бердім, бірақ олар оның мағынасын жорып бере алмады.
5 Ең соңында Даниял алдыма келді. Оның өзім сиынатын тәңірімнің атынан туындалған Балташазар деген есімі де бар, әрі оған киелі тәңірлердің рухы қонған. Оған былай деп түсімді айтып бердім:
6 — Ей, Балташазар, білімпаздардың үстінен қарайтын басшы! Саған киелі тәңірлердің рухы қонғандықтан, сен шеше алмайтын құпияның жоқ екеніне көз жеткіздім. Мына түсімді тыңдап, ондағы көріністерді жорып берші.
7 Мен төсекте демалып жатып, мынадай көріністерді көрдім: Қарасам, жер бетінің қақ ортасында бір зәулім ағаш тұр екен.
8 Ағаш одан да биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрініп тұрды.
9 Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болды. Даланың аңдары оның көлеңкесін паналап, құстар бұтақтарына ұялап, бүкіл тіршілік атаулы одан тамағын тауып жүрді.
10 Төсегімде жатып түсімнің жалғасын көре бердім. Кенет аспаннан бір қасиетті хабаршы түсіп келе жатыр екен!
11 Хабаршы зор дауыспен былай деп жар салды: «Ағашты кесіп, бұтақтарын шауып тастаңдар! Жапырақтарын жұлып, жемістерін шашып тастаңдар! Ағаштың көлеңкесіндегі аңдар мен бұтақтарындағы құстар қашып кетсін!
12 Бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда ол шыққа малынып, аңдармен бірге көк шөпті даланы мекендеп қала берсін!
13 Оның санасы ауысып, адамдікі емес, аңдардікі болсын. Сондай күйде ол басынан жеті кезеңді өткізсін.
14 Бұл шешімді мәлімдеп, үкімді жариялаған — бәрін күзететін қасиетті хабаршылар. Осылайша пенделердің патшалықтарына Алла Тағаланың үстемдік жүргізетінін барлық тірі жан атаулы ұғатын болады. Ол билікті Өзі қалаған кісісіне табыстап, ең төменгі пендені де басшылыққа тағайындай алады».
15 Міне, менің, Набоходоносор патшаның, көрген түсім осы болды. Енді, Балташазар, соны жорып берші. Патшалығымдағы білімпаздардың ешқайсысы оны маған түсіндіріп бере алмады. Ал бұл сенің қолыңнан келеді, себебі саған киелі тәңірлердің рухы қонған!»
16 Балташазар деп те аталатын Даниял мұны естігенде біраз уақытқа аң-таң болып, басына келген ойлардан қатты абыржыды. Ал патша: — Балташазар, сол түс пен оның мағынасын уайымдама! — деді. Сонда ол былай деп жауап берді: — Уа, тақсыр ие, бұл түс пен оның мағынасы сізді жек көретін қас жауларыңыздың басына түссе екен.
17 Сіз түсіңізде көрген биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрінетін,
18 Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болған, көлеңкесін дала аңдары паналап, бұтақтарына құстар ұялайтын сол ағаш өзіңізді білдіреді, уа, патша ағзам.
19 Сіз қуаттанып, құдіретті болып келдіңіз. Ұлылығыңыз артып, аспанға дейін жетіп, билігіңіз жер бетінің шет-шетіне жайылды.
20 О, патшам, бір қасиетті хабаршының аспаннан түсіп келгенін де көріпсіз. Ол: «Ағашты кесіп тастап, құртыңдар, бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда шыққа малынып, аңдармен бірге даланы мекендеп қала берсін! Осындай күйде басынан жеті кезеңді өткізсін!» депті.
21 Уа, патшам, Алла Тағаланың тақсыр иеме шығарған осы үкімінің мағынасы мынау:
22 Сіз адамдардың арасынан аластатылып, аңдармен бірге даланы мекендеп, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, шыққа малынып тұратын боласыз. Сонымен сіз Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін жеті кезең өтетін болады.
23 Ал түсіңіздегі «Ағаш түбірі мен тамырларын қалдырыңдар!» деген бұйрық мынаны білдіреді: патшалық билігіңіз өзіңізден біржолата алынбайды. Сіз бәріне де үстемдік жүргізушінің көктегі Құдай екенін ұққан кезде билік өзіңізге қайтарылып беріледі.
24 Сондықтан, уа, патша тақсыр, менің мына кеңесіме оң көзбен қарай көріңіз: күнәларыңыздан бас тартып, әділдікке бет бұрыңыз, жаман істеріңізді қойып, қысым көргендерге қайырымдылық көрсете көріңіз! Сонда сіздің өміріңіз ұзақ та берекелі бола алады.
25 Осының барлығы да Набуходоносор патшаның өмірінде жүзеге асты.
26 Бұл былай болды. Құдайдың ескертуінен он екі ай өткеннен кейін патша бір күні өзінің Бабылдағы сәулетті сарайының жалпақ төбесінде серуендеп жүргенде,
27 былай деп паңдана мақтанды: — Міне, мынау ұлы қала Бабыл ғой! Мен оны салтанатты ұлылығымның даңқын шығару үшін әрі патшалығыма лайықты астана болуға арнап, өзімнің құдіретті күш-қуатыммен салдым емес пе?
28 Патша осы сөздерді айтып болмай жатып, көктен былай деген дауыс естілді: — Ей, Набуходоносор патша, саған шығарылған үкім мынау: сен патшалығыңнан айырылдың!
29 Бұдан былай адамдардың арасынан аластатылып, даланың аңдарымен бірге тұрып, өгіз сияқты шөппен қоректенетін боласың! Сен Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін осындай күйде жеті кезеңді өткізесің.
30 Набуходоносор туралы айтылған осы бұйрық сол сәтте-ақ орындалды. Ол адамдардың арасынан аластатылып, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, денесі шыққа малынып тұрды. Содан шаштары бүркіттің қауырсынындай, тырнақтары құстың шеңгеліндей болып сойдиып өсіп кетті.
31 «Сол мерзім біткен соң мен, Набуходоносор, көктегі Құдайға бет бұрдым. Сонда ақыл-санам өзіме қайта оралды. Мен мәңгі тірі Алла Тағаланы мадақтап, дәріптеп, Оған шүкірлік айттым. Оның билігі мәңгілік, Патшалығы ұрпақтан ұрпаққа мәңгі жалғаса береді.
32 Бүкіл жер бетінің тұрғындары Оның алдында түк емес сияқты көрінеді. Ол көктегі періштелер топтарына да, жердегі адамдарға да Өзінің еркіне сай әрекет етеді. Оның құдіретті қолын тоқтатып, Оны: «Не істеп отырсың?» деп сынай алатын ешкім де жоқ.
33 Сол сәтте ақыл-санам бұрынғы қалпына келіп, патшалығымның құрметіне салтанатты ұлылығым өзіме қайта оралды. Уәзірлерім мен төрелерім алдымнан өтіп, мен өз патшалығымның билігіне қайтадан ие болдым. Менің бұдан кейінгі атақ-даңқым бұрынғысынан да зор болды.
34 Сондықтан мен, Набуходоносор, Көктің Патшасын мадақтап, құрметтеп, дәріптеймін, өйткені Оның барлық іс-әрекеті ақиқат та әділ. Ол паңданып жүретіндерді бағындырып бой ұсындыра алады».