Таңдауы ән

1 2 3 4 5 6 7 8


Тарау 5

(Күйеу:) Міне, мен өз бақшама кіріп алдым, Уа, қымбаттым, менің сүйген жарым! Мүрім мен дәмдеуішімді жинап алдым, Сондай тәтті балымнан ішіп тұрмын, Шарап пен сүтімнің дәмін татып тұрмын. (Құрбылар:) Уа, достарымыз, кәне, ішіп-жеңдер, Уа, ғашықтар, тоя іше беріңдер!
2 Ұйықтап жатып, жүрегім сергек еді. Тыңда, сүйіктім қағып тұр есігімді: «Ашсаңшы есікті, қымбаттым менің, Сүйген жарым, кемелді көгершінім! — Деді ол маған, — шықтан су болды басым, Түннің ылғалынан бұйра шашым!»
3 «Шешініп ем, қалай тағы киінем? Аяғымды жудым, қалай кірлетем?»
4 Есік тесігінен қол сұқты сүйіктім, Қатты толқып кетті менің жүрегім.
5 Есікті оған ашуға тұрдым содан, Хош иісті мүр тамды қолдарымнан, Құлып ысырмасына саусақтарымнан.
6 Есікті ашсам, сүйіктім жоқ екен, Кері бұрылып, кетіп қалған екен! Кеткеніне жүрегім лүпіл қаққан, Іздеп шықсам да, таппадым еш жақтан! Шақырсам да, жауап бермеді маған.
7 Қарауылдар қаланы аралап жүрді, Ұстап алып мені, ұра берді. Күзетшілер қамал үстіндегі Жұлып тастады менің бет пердемді.
8 Өтінем, жалынышымды тыңдаңдаршы, Оу, Иерусалим қаласының қыздары: Егер де көрсеңдер сүйген жарымды, Ғашықтықтан талықсыды деп айтыңдаршы!
9 Бұлай деп бізге өтінетініңдей сен, Сүйіктің қай жағынан артық өзгеден? Әйелдердің ең сұлуы, соны айтсаң екен! (Жас келін:)
10 Сүйіктімнің беті нұрлы, албыраған, Ол айрықша он мың адам арасынан.
11 Басы оның саф алтындай, шашы бұйра, Қарға, құзғынға ұқсап қап-қара.
12 Жанарлары бұлақ жағасындағы Көгершіндер сияқты жылтырайды, Оның тістері сүтке шомылған Асыл тастардай, көмкеріле қойылған.
13 Екі беті оның аңқып жатқан Жұпар иісті шөптер өсіп тұрған Бақшадағы жүйектерге тұр ұқсап. Еріндері сұйық мүр тамшылап Жатқан лалагүлдерге тұр ұқсап.
14 Білектері оның алтыннан жасалған, Асыл тастармен жиек салынған Жұмыр сойылдарға ұқсап жаратылған. Денесі тегіс піл сүйегіне ұқсайды, Сапфир тастар тәрізді жалтырайды.
15 Аяқтары саф алтын негізге Орнатылған мәрмәр баған секілді. Тұлғасы оның Ливан тауындай, Таңдаулы самырсын ағаштарындай,
16 Әрі оның ауызы сондай тәтті, Иә, оның өзі түгелдей сымбатты! Осыған ұқсайды сүйіктім, досым менің, Уа, қала қыздары Иерусалимнің!