Таңдауы ән
Тарау 2
(Қалыңдық:) Шарон жазығындағы райхандаймын, Аңғардың лалагүліне ұқсаймын. (Күйеу жігіт:)
2 Рас, салыстырсам басқалармен, жалғызым, Тікенектер арасындағы лаладайсың.
3 Ғашығым жас жігіттер арасында Алма ағашындай орман арасында! Саясында оның отыра берсем екен, Жемісі тәтті, ләззат табамын мен.
4 Тойханаға алып барды ол мені, Бәріне айқын өзімді сүйетіні.
5 Ғашықтықтан әлсізбін, мейіз беріңдерші, Алма да жегізіп күшейтіңдерші!
6 Сол қолы басымның астында болсын, Оң қолымен мені құшақтап алсын!
7 Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын, Елік пен бұғының аттарын атаймын: Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін!
8 Сүйіктімнің даусы бұл, ол келе жатыр, Таудан асып екпіндеп келе жатыр!
9 Ол ұқсайды елік пен жас бұғыға, Жетіп те қалды үйдің арт жағына, Әне, ол терезеден қарайды да.
10 Тіл қатып маған былай деді сүйіктім: Тұршы, жаным, бірге жүрші, сүйкімдім!
11 Қарашы, қыстың кезі өтіп кетті, Жаңбыр жауған сол бір күндер өтті.
12 Айнала гүлдер қаулап өсіп кеткен, Құстардың әндетер кезі де келген, Кептер гуілі естіледі әр жерден.
13 Інжірдің алғашқы жемісі пісуде, Жүзім де гүл шашып, хош иіс беруде, Орныңнан тұршы енді, қарашығым, Далаға шығайық, уа, ғашық жарым!
14 Көгершінім, жартастың жарығында Жасырынған, шыңдардың арасында, Көрсетсеңші маған сұлу жүзіңді, Естиін мен сондай тәтті үніңді!
15 Ұстаңдаршы сол кішкентай түлкілерді, Олар бүлдіреді ғой жүзімдіктерді, Жүзімдігіміз гүлдеп тұр себебі.
16 Сүйіктім менікі, ал мен онікімін, Ол жайылып жүр арасында лалагүлдің.
17 Таң атып, көлеңке жоғалып кеткенше, Жас бұғыдай тау сайларында секірші, Сүйіктім, еліктей кері қайтып келші!