Нехемия
Тарау 3
Осылай бас діни қызметкер Елияшип өз ағайындары — діни қызметкерлермен бірге жұмысқа кірісіп кетті. Олар Қой қақпасын тұрғызып, есіктерін орнатты; содан соң Қой қақпасына әрі қала қабырғасының Жүздік және Хананел мұнараларына дейінгі аралығына Жаратқан Иеге бағышталу рәсімін жасады.
2 Бас діни қызметкердің жанында Иерихонның адамдары, ал солардың қасында Имри ұлы Зақур қала қабырғасының келесі бөліктерін салды.
3 Сенуаның ұлдары Балық қақпасын тұрғызды. Олар соның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты.
4 Олардың жанында Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот келесі бөлікті жөндеп бекітті. Оның жанында Мешизабелдің немересі Барақиях ұлы Мешулам, ал соның қасында Бағана ұлы Садық қабырға бөліктерін жөндеп нығайтты.
5 Бұлардан кейінгі бөлікті текоғалықтар бекітіп қалпына келтірді. Бірақ олардың ауқаттылары басқарушыларының тапсырмаларына сай жұмысқа мойынсұнғылары келмеді.
6 Пасеах ұлы Жояда мен Бесодиях ұлы Мешулам Көне қақпаны жөндеп нығайтты. Олар қақпаның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты.
7 Олардың қасындағы жөндеу жұмыстарын гибеондық және миспалық адамдар, гибеондық Мелатиах пен мероноттық Ядон әрі Батыс Евфрат өлкесінің әміршісіне қарайтын жерлерден келгендер атқарды.
8 Солардың жанында зергерлердің біреуі — Харқаях ұлы Ұзиел, ал оның қасында хош иісті зат дайындаушылардың біреуі — Хананиях қабырғаның бір бөлігін жөндеп нығайтты. Бұлар Иерусалимді Кең қабырғаға дейін бекітіп қалпына келтірді.
9 Солардың жанында Иерусалимнің жарты ауданын басқаратын Һұр ұлы Рефаях қабырғаның келесі бөлігін жөндеп бекітті.
10 Олардың қасында Харумаф ұлы Едаях қабырғаның өз үйінің қарсысындағы бөлігін, ал оның жанында Хашабнея ұлы Хатуш келесі бөлікті қалпына келтіріп нығайтты.
11 Харым ұлы Малқиях пен Пахат-моаб ұлы Хашуб қабырғаның қосалқы бөлігін және Тандыр мұнарасын жөндеп бекітті.
12 Содан кейінгі жерді Иерусалимнің жарты ауданының әкімі Халохеш ұлы Шаллум өз қыздарымен бірге қалпына келтіріп нығайтты.
13 Анон және Заноах қаласының тұрғындары Аңғар қақпасын нық етіп тұрғызды да, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Олар тағы да Күл қақпасына дейінгі қала қабырғасының бір мың шынтақ бөлігін жөндеп бекітті.
14 Беткәрем ауданының әкімі Рехап ұлы Малқиях Күл қақпасын жөндеп бекітіп, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін қайтадан орнатты.
15 Миспа ауданының әкімі Қолхозе ұлы Шаллум Қайнар қақпасын тұрғызып бекітті де, төбесін жауып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Шаллум, сондай-ақ, қабырғаның Патша бағының қасындағы Силоғам тоғанының тұсындағы бөлігін Дәуіттің шаһарынан төмен түсіп жатқан баспалдақтарға дейін жөндеп нығайтты.
16 Шаллумнан кейін Бет-Сұрдың жарты ауданының әкімі — Азбұқ ұлы Нехемия қабырғаның Дәуіт әулетінің қабірлеріне қарама-қарсы жатқан жерінен бастап, қолдан жасалған тоған мен Батырлар тұрағына дейінгі аралығын жөндеп бекітті.
17 Одан кейін леуіліктер Бани ұлы Рехумның басшылығымен қабырғаны жөндеп нығайту жұмыстарын атқарды. Олармен көршілес бөлікті Кеилдің жарты ауданының әкімі — Хашабиях сол жарты ауданның атынан жөндеп бекітті.
18 Хашабияхтан кейін оның ағайындары Кеилдің келесі жарты ауданының әкімі — Хенадад ұлы Бинуйдің басшылығымен жөндеп нығайту жұмыстарын жүргізді.
19 Бинуйдің қасында Миспаның әкімі — Ешуа ұлы Езер қабырға бұрышындағы қару-жарақ қоймасына апаратын асудан басталатын қосалқы бөлікті жөндеп бекітті.
20 Езердің жанында Забай ұлы Барух бұрыштан бастап, бас діни қызметкер Елияшиптің сарайының кіреберісіне дейінгі қосалқы бөлікті құлшына жөндеп нығайтты.
21 Барухтан кейін Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот Елияшиптің сарайының кіреберісінен сарайдың шетіне дейінгі қосалқы бөлікті қалпына келтіріп нығайтты.
22 Меремоттан кейінгі бөлікті төңіректегі жерлерден жиналған діни қызметкерлер жөндеп бекітті.
23 Діни қызметкерлердің қасында Бунямин мен Хашуб өз үйлерінің тұсындағы бөлікті жөндеп нығайтты. Олардан кейін Ананиях немересі Мағасиях ұлы Азариях өз үйінің маңындағы бөлікті бекітіп қалпына келтірді.
24 Одан кейін Хенадад ұлы Бинуй Азарияхтың үйінен бастап, қабырғаның ішке қарай кіре түскен жеріне және оның бұрышына дейінгі екі аралықтағы қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты.
25 Ұзай ұлы Палал қабырғаның ішке қарай кіре түскен бөлігін және Қарауылдар ауласының жанындағы патшаның Жоғарғы сарайынан шығатын мұнараның қарсысындағы бөлікті жөндеп бекітті. Палалдан кейін Парош ұлы Педаях
26 және Опел төбесінде тұратын ғибадатхана қызметшілері қабырғаның шығыс жақтағы Су қақпасының қарсысы мен Шығыңқы мұнараның маңына дейінгі аралығын қалпына келтірді.
27 Бұлардың жанында текоғалықтар Үлкен шығыңқы мұнараның қарсысынан бастап, Опел төбесіндегі қабырғаға дейін созылған қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты.
28 Жылқы қақпасынан жоғарырақ жерде діни қызметкерлер әрқайсысы қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін жөндеп нығайтты.
29 Олардың қасында Имер ұлы Садық қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін мықтап жөндеді, ал Садықтың жанында Шығыс қақпасының басқарушысы Шеханиях ұлы Шемаях қабырғаның бір бөлігін қалпына келтіріп бекітті.
30 Шемаяхтың қасында Шелемиях ұлы Хананиях пен Салафтың алтыншы ұлы Анон қабырғаның қосалқы бөлігін бекітіп жөндеді. Бұлардың жанында Барақиях ұлы Мешулам өзі тұратын бөлмесінің маңындағы қабырға бөлігін жөндеп нығайтты.
31 Мешуламның жанында зергерлердің бірі Малқиях Сап алаңы қақпасының қарсысындағы ғибадатхана қызметшілері мен саудагерлердің тұратын үйлеріне дейінгі бөлікті және қабырғаның бұрышын жоғарғы бөлмеге дейін бекітіп жөндеді.
32 Ал қабырғаның бұрышындағы жоғарғы бөлме мен Қой қақпасының арасындағы жөндеп нығайту жұмыстарын зергерлер мен саудагерлер жүргізді.