Езра
Тарау 9
Осы нәрселер орындалып болғаннан кейін халқымның бірқатар басшылары маған келіп, былай деді: «Исраил халқы, соның ішінде тіпті бірнеше діни қызметкерлер мен леуіліктер де бар, елдегі бөтен ұлттық адамдардан бойларын аулақ ұстаған жоқ! Сол ұлттар ежелгі қанахандық, хеттік, перездік, ебустік, аммондық, моабтық, мысырлық, аморлық халықтарға ұқсас. Исраилдіктер сол бөтен ұлттардың жексұрын әдет-ғұрыптарынан сақтанып, бөлек жүрмейді.
2 Өйткені олардың өздері және ұлдары бөтен ұлттардың бірсыпыра қызына үйленіп алған. Осылайша Құдайға бағышталған халық жалған тәңірлерге табынатын көршілес ұлттармен араласып кеткен. Мұндай опасыздықты алдымен істейтіндер — басшылар мен қызметкерлердің өздері!»
3 Мен осыны естігенде қатты қайғырып, үстімдегі көйлегім мен шапанымның өңірін айыра жырттым. Сақал-шашымды жұлып, жаным түршіге есеңгіреп жерге отыра кеттім.
4 Исраилдің Құдайының сөздерін терең қастерлеп, орындайтындар жер аударылудан қайта оралған сол адамдардың опасыздығына қатты қайғырып, айналама жиналды. Ал мен жаным түршіге есеңгіреген қалпымда сол жерде кешкі құрбандықтың уақытына дейін отырдым.
5 Содан кешкі құрбандық кезінде қатты қайғырып, көйлегім мен шапанымның өңірі жыртылған күйі орнымнан тұрдым. Қолдарымды көкке, Құдайым Жаратқан Иеге қарай жайып
6 былай деп мінажат еттім: — Уа, Құдайым! Күнәларымыз басымыздан асып, теріс қылықтарымыз аспанға дейін жетті. Бет-жүзімді Өзіңе көтеруге қатты ұялып, масқара болып қысылып тұрмын.
7 Ата-бабаларымыздың заманынан бастап қазірге дейін Сенің алдыңдағы кінәміз өте зор. Біз патшаларымызбен, діни қызметкерлерімізбен бірге теріс қылықтарымыздың кесірінен бөтен елдердің патшаларының қолына түстік. Күні бүгінге дейін солардың семсерлерінен әрі құлдық, тонау, қорлықтан көз ашпай келеміз.
8 Бірақ осы күндері, қысқа ғана уақыттан бері, Құдай Иеміз зор шапағатын көрсетіп келеді. Ол халқымыздан бірқатарымызды тірі алып қалып, Өзінің киелі үйінен бізге берік орын берді. Сөйтіп Құдайымыз құлдықта жүрген біздің еңсемізді аздап көтеріп, көзімізді жарқыратып келеді.
9 Себебі құл болсақ та, Құдайымыз бізді осы құлдығымызда тастап кеткен жоқ. Керісінше, бізге парсы патшаларының көз алдында Өзінің берік мейірімін көрсетті. Осылайша Құдайымыздың қирап жатқан киелі үйін қайта тұрғыза алуымыз үшін бізге жаңа өмір сыйлады, әрі Яһуда мен Иерусалимде қабырға іспетті қоршайтын қорғаныш та берді.
10 Ал енді біз не дей аламыз, уа, Құдайымыз? Сенің өсиеттеріңді қайтадан елемей тастап кеттік.
11 Кезінде Өзіңе қызмет еткен пайғамбарлар арқылы Сен мынадай бұйрықтар берген болатынсың: «Өздерің еніп, иемденейін деп жатқан осы ел сонда әзірше тұрып жатқан ұлттардың жексұрын да жалған тәңірлерінің кесірінен арамдалған. Сол ұлттар жексұрын іс-әрекеттерімен елді бір шетінен екінші шетіне дейін арамдап тастаған.
12 Сондықтан олармен құдандалы болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар! Ешқашан да олармен ынтымақтасып, игілік тілемеңдер. Сонда ғана күшті болып, елдің шығарған өнімін жеп, өздеріңнен кейінгі ұрпақтарыңа елді тұрақты мұра етіп қалдыра аласыңдар».
13 Басымызға түскендердің бәрі өзіміздің зұлым істеріміз бен зор кінәміздің кесірінен болды. Сонда да Сен, уа, Құдайымыз, бізді күнәларымыз бойынша емес, одан жеңілірек жазаладың. Осылайша халқымыздың толығымен қырылып кетуіне жол бермей, бірқатарымызды тірі алып қалдың.
14 Сонымен осындай жиренішті істермен айналысатын халықтармен құдандалы болып қайтадан Сенің өсиеттеріңді бұзамыз ба?! Сонда Сен қатты қаһарланып, ешқайсымызды да тірі қалдырмай құртып жібермес пе едің?!
15 Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие, Сен әділсің! Біз қырылудан аман қалған біраз адамбыз. Сенің алдыңда әбден кінәлі болып жатырмыз. Осы істегеніміздің кесірінен ешқайсымыз Сенің алдыңда тұра алмаймыз.