Шежірелер 1-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29


Тарау 18

Біраз уақыт өткеннен кейін Дәуіт філістірлерге шабуыл жасап, оларды өзіне бағындырды. Содан ол Ғат қаласы мен оған қарасты елді мекендерді філістірлердің қолынан тартып алды.
2 Дәуіт моабтықтарды да жеңді. Енді олар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды.
3 Бірде Дәуіт Евфрат өзенінің жағасындағы билігін бекітуге аттанғанда, Соба елінің патшасы Ададәзерге Хаматқа дейін шабуыл жасап, оны жеңіп шықты.
4 Сонда Дәуіт оның мың соғыс күймесін, жеті мың аттылы және жиырма мың жаяу жасақшысын қолға түсірді. Дәуіт жаудың соғыс күймелеріне жегілетін барлық жылқыларының тілерсектерін қиып тастап, жүз соғыс күймесіне жетерлік аттарды ғана аман қалдырды.
5 Соба патшасы Ададәзерге дамаскілік арамалықтар көмекке келген кезде, Дәуіттің жасағы олардың жиырма екі мың жауынгерін қырып салды.
6 Содан Дәуіт Дамаск қаласы мен оның айналасына өз қарауылдарын орналастырды. Осылай арамалықтар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды.
7 Дәуіт Ададәзердің нөкерлерінің алтын жалатқан қалқандарын жинап, Иерусалимге алып келді.
8 Ададәзердің қол астындағы Тебах пен Қун қалаларынан Дәуіт көп мөлшерде қола олжалап алды. Сол қоладан кейінірек Сүлеймен ғибадатханадағы «теңіз» деп аталған дәу қазанды, бағаналарды және түрлі қола бұйымдарды жасатты.
9 Хамат елінің патшасы Тоу Дәуіттің Соба патшасы Ададәзердің бүкіл әскерін жеңгенін естіді.
10 Сонда ол өз ұлы Жорамды Дәуіт патшаға жіберіп, жеңісімен құттықтаған сәлемін жолдады. Себебі Ададәзер Тоу патшамен жауласып жүрген болатын. Жорам Дәуітке алтын, күміс, қоладан жасалған әр түрлі бұйымдарды ала келіп, сыйға тартты.
11 Дәуіт патша осы заттарды Жаратқан Иеге бағыштады. Ол бұрынырақ жеңген барлық елдерден: Едом, Моаб, аммондықтар, філістірлер және амалектіктерден алынған күміс пен алтынды да осылай Жаратқан Иеге арнаған еді.
12 Сарұяның ұлы Әбішай Тұзды аңғарда он сегіз мың едомдықты жеңіп шықты.
13 Дәуіт Едом еліне қарауылдарын орналастырып, халықтың барлығы оған бағынышты болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды.
14 Дәуіт бүкіл Исраилге билік жүргізіп, күллі халықтың арасында заңдылық пен әділдікті жүзеге асырды.
15 Сарұяның ұлы Жоғаб — әскер қолбасшысы, Ахилуд ұлы Жосапат — уәзір әрі жылнамашы,
16 Ахитұб ұлы Садық пен Абиятар ұлы Ахимәлік — діни қызметкерлер, Серая — хатшы,
17 әрі Еходай ұлы Бенаях кереттік және пелеттік ұлан бөлімдерінің қолбасшысы болды. Дәуіттің ұлдары да патшаның қызметінде тұрды.