Шежірелер 1-ж
Тарау 14
Тир патшасы Хирам Дәуітке елшілерін, сондай-ақ самырсын бөренелерін, тас қалаушылар мен ағаш ұсталарын да жіберді. Осы мамандар Дәуітке сарай салып берді.
2 Сонда Дәуіт Исраилдің үстінен патша болуға өзін Жаратқан Иенің бекіткенін, әрі халқы Исраилдің игілігі үшін патшалық мәртебесін көтергенін түсінді.
3 Иерусалимде тұрған кезінде Дәуіт тағы бірнеше әйел алып, көбірек ұл-қыз сүйді.
4 Оның Иерусалимде дүниеге келген балаларының аттары мыналар: Шаммуа, Шобаб, Натан, Сүлеймен,
5 Ипхар, Әлишуа, Елпәлет,
6 Ноғах, Непек, Япияқ,
7 Әлишама, Әлияда, Әлипәлет.
8 Дәуіттің бүкіл Исраилдің үстінен патша болып тағайындалғанын естіген соң, барлық філістір жасақшылары Дәуітті іздеуге шықты. Бұл туралы хабар алған Дәуіт астананы тастап, оларға қарсы аттанды.
9 Ал філістірлер Рефаим аңғарына жетіп, сондағы тұрғындарға шабуыл жасап тонады.
10 Дәуіт Құдайдан: — Філістірлерге қарсы өрлеп шығайын ба? Оларды жеңіп шығуыма қол жеткіздіресің бе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды: — Өрлеп шық! Мен оларды сенің қолыңа тапсырамын!
11 Сонымен Дәуіт Бағал-Перасимге өрлеп барып, філістірлерді сол жерде күйрете жеңді. Ол: «Су тасқыны жолындағының бәрін жайпайтынындай, Құдай да менің қолым арқылы жау саптарын бұзып-жарды!» — деді. Сондықтан сол жер Бағал-Перасим («Иенің бұзып-жарғаны») деп аталып кетті.
12 Філістірлер қашқанда сол жерге өздерінің табынатын тәңірсымақтарын тастап кеткен еді. Дәуіттің әмірімен сол мүсіндер өртеліп жіберілді.
13 Кейін філістір жасақшыларға тағы да Рефаим аңғарына шабуыл жасады.
14 Дәуіт қайтадан Құдайдың еркін сұрағанда, Құдайдың жауабы мынау болды: «Оларға тікелей қарсы аттанбай, айналып өтіп, арт жағынан тұт ағаштарының алдынан кенеттен тап бер!
15 Сен тұт ағаштарының үстінен басқан қадамдардың дыбысын естіген кезде шайқасқа аттан! Бұл, Құдайдың філістірлердің жасағын шабу үшін сенің алдыңа шыққанын білдіреді».
16 Құдай нені бұйырса, Дәуіт солай істеді. Содан олар філістірлердің жасағын Гибеоннан тіпті Гәзерге дейін қырып-жойды.
17 Осылайша Дәуіттің даңқы айналадағы күллі елдерге жайылып, Жаратқан Ие халықтардың бәрін Дәуіттен қорқатын қылды.