Жақыптың
Тарау 3
Бауырластарым менің, бәрің бірдей тәлім беруші болуға ұмтылмаңдар! Иеміздің бізге, тәлім беретіндерге, басқалардан гөрі қатаңырақ төрелік айтатынын білесіңдер.
2 Бәріміз де көп қате жібереміз. Ал кім сөзінде қате жібермесе, сол — денесін тұтастай меңгере алатын жетілген адам.
3 Мініс атын өз еркімізге көндіру үшін жай ғана ауыздық салып, бүкіл денесін бағындырып, бағыттаймыз.
4 Немесе мысалға теңіз кемесін алайық. Ол қаншама үлкен болса да, күшті желмен ыққанда өте кішкентай тұтқасымен басқарылып, оны ұстап тұрған кісінің қалаған бағытына жүреді.
5 Сол сияқты, тіл де дененің кішігірім мүшесі бола тұра, ғаламат нәрселермен мақтанады. От ұшқыны қаншама майда болса да, қалың орманды өртеп жібере алады!
6 Тіл де от іспетті, әділетсіздік тудырғыш. Дене мүшелерінің арасында орналасқан ол бүкіл денемізді арамдап, өзі тозақ отынан тұтанып, бар өмірімізді де өртеп, құрта алады.
7 Әртүрлі аңдар мен құстарды, бауырымен жорғалаушылар мен теңіз жануарларын адам өз еркіне бағындырып келді және бағындыруда.
8 Алайда адамдардың ешқайсысы да өз тілін бағындыра алмайды! Тіл — бағынуға көнбейтін жаман нәрсе, кісі өлтіретін уға толы.
9 Біз тілімізбен Жаратқан Ие — Құдай Әкеге алғыс айтып, Оны дәріптейміз. Алайда Құдай рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп жаратқан адамдарды сол тілімізбен қарғаймыз да!
10 Осылайша алғыс та, қарғыс та бір ауыздан шығады. Бауырластарым менің, бұлай болмасын!
11 Бұлақ көзінен бір мезгілде тұщы да, ащы да судың шығуы мүмкін бе?
12 Бауырластарым, ойлаңдаршы: өрік ағашы зәйтүн жемісін немесе жүзім бұтасы өрік жемісін бере ала ма? Әрине, бермейді. Дәл сол сияқты, ащы су шыққан бұлақтан тұщы су да шықпайды.
13 Араларыңдағы қайсың парасатты да саналысың? Сондай адам онысын үлгілі мінез-құлқымен, парасатты инабаттылығымен көрсетсін.
14 Ал егер жүректерің удай қызғанышқа толып, қара бастарыңның абыройын ойласаңдар, онда даналықтарыңа мақтанбаңдар, әйтпесе шындықты бұрмалайсыңдар.
15 Мұндай жалған «даналық» көктен келмейді. Керісінше, ол осы күнәкар дүниеге, өз бетімен жүрген ескі болмысымызға және жын-перілерге тән.
16 Қай жерде қызғаныш пен қара бастың абыройын ойлау болса, тәртіпсіздік пен зұлымдық атаулы да сол жерде.
17 Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейін оны ынтымақшыл, төзімді, ымырашыл, қайырым мен игі істер жасағыш, ешкімді алаламайтын әділ қылып, екіжүзділіктен арылтады.
18 Татуластырушылар «тыныштық тұқымын» себушілер іспетті. Бұл «тұқымның» жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады.