2 Салониқалықтарга

1 2 3


Тарау 2

Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келуі мен біздің Оның қасына жиналуымызға байланысты сендерден мынаны өтінеміз:
2 кейбіреулер «Иеміз Мәсіхтің келетін күні болып қалған екен» деген лақапты таратса, сендер бірден абыржып, қорқып қалмаңдар! Олар осы жайлы аян көрдік, не (Құдайдан) хабар жетті, не бізден хат алдық десе де, бәрібір иланбаңдар!
3 Ешкім сендерді амалын тауып алдап кетпесін. Себебі Иеміз келер алдында адамдар Құдайдан бас тартып, опасыздық жасайды, әрі әділетсіздіктің қолдаушысы, кейін мүлдем құритын кісі пайда болады.
4 Ол Құдайға және Оның ұлылығын білдіретін бар нәрсеге қарсы тұрып, өзін олардан жоғары қояды, тіпті Құдайдың киелі үйінде отырып алып, өзін «құдаймын» деп жариялайды.
5 Қастарыңда болған кезімде менің осыны айтып отырғаным естеріңде емес пе?
6 Күні бүгінге дейін сол кісіні қандай күш шығармай ұстап тұрғанын білесіңдер. Себебі оған белгіленген уақыт бар.
7 Әрине, адамдарды Құдайдың заңына қарсы тұрғызатын құпия күштер қазірдің өзінде әрекет етуде! Бірақ соларды ашық шығармай, ұстап тұрған қасиетті күшті алдымен Құдай алып тастауы керек.
8 Оның заңына қарсы тұрушы кісі содан кейін шығады. Алайда оны Иеміз Иса қайтып келіп, бәріне салтанатты түрде көрінгенде, аузынан шыққан леппен-ақ мүлдем жояды.
9 Ал Құдайдың заңына қарсы тұрушы кісі келгенде, шайтанның әрекетіне сай зор күш-қуат, әр түрлі алдамшы ғажайып істер мен кереметтер көрсетпек.
10 Ол кейін құритындардың бәрін күллі жамандықтармен тура жолдан адастырады. Себебі олар өздерін құтқара алатын шындықты ұнатпай, оны жүректеріне жолатпады.
11 Сондықтан да Құдай оларды өтірікке иланып, түзу жолдан оп-оңай адасатын қылып қояды.
12 Сонымен шындыққа сенбей, әділетсіздікке құмартқандардың бәрі сотталатын болады.
13 Иеміз сүйген қымбатты бауырластар, сендер үшін Құдайға үнемі алғыс айтуға міндеттіміз. Себебі Ол сендерді Киелі Рухының арқасында Өзіне бағышталып қасиетті өмір сүріп, әрі шындыққа сеніп құтқарылуларың үшін әуел бастан таңдап алған еді.
14 Біздің сендерге уағыздаған Ізгі хабарымыз арқылы Құдай сендерді Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатты ұлылығынан үлестеріңді алуға да шақырды.
15 Сондықтан, бауырластар, сенімдеріңе берік, табанды болып, біздің ауызша және жазбаша үйреткен тәлімімізден таймаңдар.
16 Лайым бізді сүйетін, әрі рақымын төгіп, мәңгілік жұбаныш пен үзілмес үміт берген Иеміз Иса Мәсіх пен Құдай Әкеміз
17 жүректеріңді жігерлендіріп, сендерге іс жүзінде де, сөз жүзінде де ізгілік жасауға күш бергей.