Салониқалықтарга
Тарау 3
Сондықтан біз одан әрі шыдай алмай, Афинада жалғыз өзім қалайын деп шештік те,
2 Тімоте бауырымызды сендерге жібердік. Ол — Мәсіхтің Ізгі хабарын тарату жөніндегі Құдайдың қызметшісі. Осы азаптар ешқайсыңды шайқалтпасын деп, Тімоте сендерді жігерлендіріп, сенімдеріңді нығайтпақ.
3 Азап шегу маңдайымызға жазылғандығы өздеріңе мәлім.
4 Қастарыңда жүрген кезімізде «Қуғынға ұшырайтын боламыз» деп алдын ала айттық қой. Міне, сол айтқанымыз келді, оны өздерің білесіңдер.
5 Осыған бола мен одан әрі шыдай алмай Тімотені жіберіп, сенімдерің берік пе, әлде әзәзіл азғырып, бар еңбегіміз зая кетті ме, соны білгім келді.
6 Қазір Тімоте сендерден келіп, сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің туралы жақсы хабар әкелді. Сендердің бізді ұдайы жақсылықпен еске алып, көрсек деп сағынып жүргендеріңді айтты; біз де сендерді көрсек дейміз.
7 Қымбатты бауырластар, сенімдеріңді берік ұстап жүр екенсіңдер. Бұл қиналып, қысылып отырған бізге жаңадан жігер берді.
8 Енді рухымыз көтеріліп қалмақ, себебі сендердің Құдаймен байланыстарың тұрақты екен.
9 Бізді өздеріңе қуантып қойған Құдайға қанша алғыс айтсақ та аздық қылады.
10 Күні-түні Одан қайтадан сендермен көрістіріп, сенімдеріңнің жетіспейтін жақтарын толықтыруға мүмкіндік бере гөр деп құлшына өтінеміз.
11 Осылай Құдай Әкеміздің Өзі және Иеміз Иса жолымызды сендерге бұра көрсін.
12 Бір-біріңе және барлық адамдарға деген сүйіспеншіліктеріңді Иеміз біздің өздеріңе деген сүйіспеншілігіміз сияқты өсіріп, арттыра берсін.
13 Осылай Ол көңілдеріңді орнықтыра көрсін. Содан сендер Иеміз Иса Мәсіх күллі қасиеттілерімен көктен түскенде, Құдай Әкеміздің алдында Оған толықтай бағышталған, мінсіз боласыңдар.