Қолостықтарга

1 2 3 4


Тарау 3

Сонымен, Мәсіх өлімнен қайта тірілгенде сендер Онымен бірге рухани тірілдіңдер. Сондықтан көкке лайықты қасиеттерді иемденуге ұмтылыңдар! Өйткені Мәсіх көкте, Құдайдың оң жағында отыр.
2 Ойларыңды күнәкар дүниедегіге емес, көктегіге аударыңдар!
3 Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәлі іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар. Ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында.
4 Өмірлеріңнің бірден-бір бастауы мен мақсаты — Мәсіх. Ол жер бетінде қайтадан көрінген кезде сендер де Онымен бірге салтанатты ұлылықпен көрінесіңдер.
5 Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық және арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!
6 Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр.
7 Бір кезде сендер де оларды жасайтындармен бірге дәл солай әрекет етіп жүрдіңдер.
8 Ал мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық;
9 бір-біріңе өтірік те айтпаңдар! Себебі сендер ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап,
10 жаңа ізгі болмысқа ие болдыңдар. Оны жаратып берген Иеміз Өзін жақынырақ тануларың үшін сендердің рухани жағынан Өзіне ұқсас болуларыңды көздеп соған ұмтылуда.
11 Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдік не көшпенді скиф, құл не ерікті жоқ, қайта, Мәсіх барлық сенушілердің өмірлерінде басты орында.
12 Ал енді, Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кішіпейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер!
13 Өзара төзімді болыңдар. Егер біреуге реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!
14 Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді.
15 Иеміз Мәсіх сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін! Ол сендерді біртұтас рухани дененің құрамдас мүшелері ретінде татулықта тұруға шақырды. Сонымен қатар ризашылықтарыңды білдіріңдер!
16 Мәсіх туралы Ізгі хабарға көңілдеріңнен мол орын беріңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан басқа да әндер арқылы бір-біріңе зор парасатпен тәлім-тәрбие және бағыт-бағдар беріңдер. Жүректерің ризашылыққа кенеліп, Иемізге арнап ән айтып отырыңдар!
17 Не айтып, не істесеңдер де, бәрін Иеміз Исаның атымен жасап, Иеміз арқылы Құдай Әкемізге шүкірлік етіңдер!
18 Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн.
19 Күйеулер, әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!
20 Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тілін алыңдар, өйткені Иемізге осы ұнайды!
21 Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар!
22 Басыбайлы қызметшілер, барлық жағдайда да бұл дүниелік қожайындарыңның тілін алыңдар! Көңілдерінен шығу үшін тек олар бақылап тұрғанда ғана емес, ұдайы шын жүректен мойынсұныңдар! Осылай Құдай Иемізді терең қастерлеңдер!
23 Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!
24 Себебі осының ақысы ретінде сендер Иемізден Оның уәде еткен игіліктерін қабылдайтындарыңды білесіңдер. Қызмет ететін Қожайындарың — Мәсіхтің Өзі ғой.
25 Ал жамандық жасайтын әркім соның лайықты жазасын тартады. Мәсіх ешкімнің бет-жүзіне қарамай әділ үкім шығармақ.