Ғалаттықтарга

1 2 3 4 5 6


Тарау 1

Ғалатия өлкесіндегі сенушілер қауымдарына Пауыл елшіден және қасымдағы барлық бауырластардан дұғай сәлем. Ал мені елшілікке тағайындаған — адам баласы емес, Иса Мәсіх және Оны өлімнен қайта тірілтіп алған Құдай Әкеміз.
3 Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін!
4 Иса Мәсіх бізді қазіргі зұлым дүниенің құлдығынан құтқару үшін Құдай Әкеміздің еркі бойынша күнәларымыздың құнын өтеп жанын құрбан етті.
5 Құдайдың ұлылығы мәңгі мадақтала берсін! Аумин.
6 Сендерді Мәсіхтің рақымы арқылы Өзіне шақырған Тәңір Иеден осылай тез бас тартып, өзге бір «ізгі хабарға» бет бұрып кеткендеріңе таңғаламын.
7 Дегенмен өзге «ізгі хабар» жоқ! Мәселе сендерді шатастырып, Мәсіх туралы Ізгі хабарды бұрмалағысы келген кейбір кісілерде болып тұр.
8 Егер біздер немесе тіпті «көктен түскен періште» сендерге бұрын уағыздағандарымызға қайшы өзге бір «ізгі хабарды» уағыздайтын болсақ, онда солай істегенімізді Құдайдың қарғысы атпақ.
9 Бұрын айтқанымызды тағы қайталаймын: біреу сендерге өздерің қабылдаған Ізгі хабарға қайшы келетінді таратып жүрсе, оны Құдайдың қарғысы атпақ!
10 Ал енді, мен мұны адамға не Құдайға жағу үшін айтып отырмын ба? Жоқ, мен адамдарға ұнауға тырыспаймын, әйтпесе Мәсіхтің қызметшісі бола алмас едім.
11 Бауырластар, сендерге мынаны білдіргім келеді: мен уағыздаған Ізгі хабар адам ойынан шыққан емес!
12 Оны ешбір адамнан не қабылдаған, не үйренген емеспін, Иса Мәсіхтің тікелей білдіруімен қабылдадым.
13 Сендер менің яһуди діні мен дәстүрлерін бұрын қалай ұстанғанымды естігенсіңдер: Құдайдың қауымын шектен тыс қудалап жүріп, құртуға тырыстым.
14 Мен яһуди дінін ұстануда ұлтымның ішіндегі көптеген құрдастарымнан озып, ата-бабаларымыздан мирас қалған салт-дәстүрлерді қызу жақтап, қатаң ұстанушы болдым.
15 Бірақ Құдай мені анамның құрсағында жатқанда-ақ таңдап, Өзінің зор рақымымен шақырып алды. Содан Ол маған өз қалауымен
16 Исаның Өзінің рухани Ұлы екендігін ашып білдіріп, Ол туралы Ізгі хабарды яһудилерден басқа халықтардың арасына таратуға бұйырды. Сонда мен осы жайлы ешбір адамнан ақыл сұраған жоқпын,
17 әрі Иерусалимге барып, менен бұрын елші болғандармен де ақылдасқан емеспін. Қайта, ешқайда соқпастан, Арабия еліне тура аттанып, сол жақтан Дамаскіге қайтып келдім.
18 Үш жылдан кейін ғана Петір елшімен танысу үшін Иерусалим қаласына бардым. Оның қасында он бес күн болдым.
19 Сол кезде басқа елшілердің ешқайсысын көрмедім, тек Иеміз Исаның туған інісі Жақыппен ғана кездестім.
20 Құдай куә, бұл жазып отырғандарым өтірік емес.
21 Содан кейін Сирия мен Кіликия өлкелеріне бардым.
22 Ал Яһудея аймағындағы Мәсіхке сенушілердің қауымдары мені әлі де жүзбе-жүз танымайтын.
23 Олар тек: «Бізді бұрын қудалаған адам өзі түп-тамырымен құртпақ болған сенімді қазір уағыздап жүр» дегенді естіді.
24 Содан олар мені тәубеге келтіргендігі үшін Құдайды мадақтады.