Қорынттықтарга

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16


Тарау 13

Егер мен адам тілдері мен періште тілдерінде сөйлей білсем, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда сыңғырлаған қоңырау мен шылдырлаған асатаяқ сияқты боламын.
2 Егерде Құдайдың хабарын жеткізіп, күллі құпияларды біліп, барлық білімді иемденіп, тау қозғайтындай зор сенімге кенелсем, алайда сүйіспеншілігім болмаса, түкке де тұрмаймын.
3 Егер тіпті барлық мал-мүлкімді бейшараларға үлестіріп беріп, жанымды құрбан етіп, тәнімді отқа жағуға қисам, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, бұдан да маған келер пайда жоқ.
4 Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, Ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды.
5 Сүйіспеншілік не жүгенсіз, Не өзімшіл, не ашушаң емес, Ол кек те сақтамайды.
6 Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамайды, Қайта, ақиқатқа қуанады.
7 Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, Үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды.
8 Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды. Құдайдың хабарын жеткізу тоқталар, Бөтен тілдер сарқылар, Білім дарыны да тоқталар.
9 Себебі біліміміз тапшылау, Құдайдың хабарын жеткізуіміз де шектеулі.
10 Ал жетілгендік келген кезде Шектеулінің барлығы тоқталады.
11 Бала кезімде балаша сөйлеп, Балаша ойлап, балаша пайымдадым. Ер жеткеннен кейін Балалық қасиеттерден қол үздім.
12 Сол сияқты, қазір көргеніміз Айнадағы көмескі бейне іспетті, Ал болашақта бетпе-бет көретін боламыз. Қазіргі білетінім тек қана шектеулі. Алайда Құдайдың өзімді толық білетіні секілді, Мен де сол кезде бәрін толық білетін боламын.
13 Сонымен сенім, үміт, сүйіспеншілік — Осы үшеуі мәңгі қалады. Ал солардың ең бастысы сүйіспеншілік болады.