Римдіктерге

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16


Тарау 9

Мен Мәсіхпен тығыз байланыстағы адам ретінде жалған емес, шындығын айтып отырмын, Киелі Рухқа бағынған ар-ұжданым бұған куә:
2 қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды;
3 егер қанымыз бір бауырлас яһуди халқының сенімге келуі үшін менің қарғысқа ұшырап, Мәсіхтен аластатылуым қажет болса, соған да дайын болар едім.
4 Олар — Құдай рухани баласы ретінде қабылдап, Өзінің салтанатты ұлылығын көрсетіп, әлденеше Келісім жасасқан Исраил халқы. Таурат заңы, киелі үйдегі қызмет және Құдайдың уәделері де солардың үлесінде.
5 Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және оның ұлдары осы халықтың түп аталары болған. Мәсіхтің Өзі де адам кейпінде олардың Ұрпағы болып дүниеге келді. Ол — Құдай, бүкіл жаратылыс Оның қолында, Ол мәңгі мадақтала берсін! Аумин.
6 Ал яһудилердің көпшілігінің Мәсіхті мойындамағандығы Құдайдың берген сөзін орындамағанын білдірмейді. Исраилден тарағандардың бәрі бірдей шынайы Исраил қауымы емес қой;
7 Ыбырайымнан тарағандардың бәрі бірдей оның Құдай таңдап алған ұрпағы да емес. Қайта, Құдай Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады», — деді.
8 Олай болса, Ыбырайымның кіндігінен тараған балалардың бәрі емес, тек Ысқақ сияқты Құдайдың уәдесі бойынша дүниеге келген үрім-бұтағы ғана нағыз ұрпағы деп есептеледі.
9 Өйткені Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесі былай болған: «Келесі жылы осы уақытта Мен саған тағы да келемін. Сонда әйелің Сараның ұлы болады».
10 Рабиға жөнінде де тура осылай болды. Оның екі ұлы бір әкеден, яғни түп атамыз Ысқақтан, туған.
11 Бірақ егіз ұлдары (Есау мен Жақып) дүниеге келмей, әрі не жақсылық, не жамандық жасамай тұрған кезде-ақ, Құдай екеуінің біреуін таңдап алды.
12 Бұл жерде Құдайдың адамдарды олардың істеген істері бойынша емес, Өзінің еркі бойынша таңдап алуы айқын көрінеді. Ол Рабиғаға: «Ағасы інісінің қызметшісі болмақ», — деген хабар жіберді.
13 Сол сияқты Оның мына тәрізді сөздері де жазылған: «Мен Жақыпты сүйіп таңдап алдым, ал Есауды таңдамадым».
14 Бұл нені білдіреді? Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!
15 Құдай Мұса пайғамбарға: «Мен қалаған адамыма рақымды боламын, таңдап алғаныма мейірімімді шашамын», — деген.
16 Яғни Құдайдың таңдап алуы адамның қалауы мен әрекетіне емес, Құдайдың рақымына байланысты.
17 Тауратта Өзіне қарсы шыққан Мысыр патшасы перғауынға Құдайдың былай дегені де жазылған: «Саған (істейтінім арқылы) құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер жүзіне атымды шығару үшін ғана сені патша етіп қойдым».
18 Сонымен, Құдай Өзі қалағандарына рақымын төгіп, ал жаратпағандарын қасарыстырып қояды.
19 Мүмкін, біреулерің маған: «Олай болса, Құдай бізді неге кінәлайды? Оның еркіне кім қарсы шыға алар еді?» деп айтарсыңдар.
20 Ей, пенде, Құдайға қарсы сөйлейтіндей сен кімсің?! Жаратылған нәрсе өзін жаратқанға: «Неге мені осылай жараттың?» деп айта ма?
21 Қайта, құмырашы бір балшықтан алып, біреуін сән-салтанатқа, келесісін қарапайым қолданысқа арнап екі ыдыс жасаймын десе, ерікті емес пе?
22 Ал мынаған не дейсіңдер: Құдай біреулеріне күнәлары үшін қаһарын төгіп, құдіретін көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, Құдай солардың жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлықпен шыдап келген еді.
23 Ал басқалары арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төкті. Бұларды Ол көктегі салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді.
24 Осы үшін Құдай бізді яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да шақырды.
25 Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: «Мен «Халқымеместі» енді «Өзхалқым» деймін, сүймегенімді «Сүйіктім» деп атаймын».
26 Және: «Олар «халқым емессіңдер» делінген жердің өзінде енді «мәңгі тірі Құдайдың рухани балалары» деп аталады».
27 Ишая пайғамбар Исраил жайында дауыстап мынадай сөздер айтқан: Исраилдің ұрпақтары теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай сансыз көп болса да, олардың біразы ғана аман қалады.
28 Иә, Жаратқан Ие бұл үкімін жер бетінде тездеп, (шексіз әділдікпен) біржола іске асырады.
29 Ишаяның алдын ала айтып кеткен мына сөзі де дәл келді: «Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебінін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік».
30 Бұған не дей аламыз? Құдай алдында ақталуға тырыспаған басқа ұлт адамдары сенімдері арқылы ақталды,
31 бірақ Таурат заңын орындау арқылы ақталуға тырысқан Исраил халқы бұл мақсатқа жете алмады.
32 Неге жете алмады? Себебі олар сенім арқылы емес, өз еңбектері арқылы ақталуға тырысты. Сондықтан Мәсіх олар үшін сүріндіретін «кедергі тас» іспетті болды.
33 Бұл туралы да осы тәрізді сөздер алдын ала жазылған еді: Міне, Мен Сион қаласында кедергі тасты орнатып қоямын. Бұған көбі сүрініп, құлайды. Ал «Оған сенімін артқан ешкім ұятқа қалмайтын болады лайым».