Марқа

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16


Тарау 4

Иса қайтадан көл жағасында тәлім бере бастады. Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, көл бетінде отырды. Ал барша халық жерде, жағалауда болды.
2 Иса оларға астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп, былай деді:
3 — Тыңдаңдар: бір диқан тұқым себуге шығыпты.
4 Ол сеуіп жүргенде, дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды.
5 Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, сол тұқымдар тез көктеп шығады.
6 Алайда тамыр жая алмағандықтан күн шыққанда олар күйіп, қурап қалады.
7 Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. Сондықтан сол дәндер де жеміс бермейді.
8 Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлар көктеп шығып, қаулап өсіп, кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді. —
9 Сонда Иса оларға: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — деп ескертті.
10 Халық тарап кеткеннен кейін, төңірегіндегілер және он екі елшісі Исаға айтып берген астарлы әңгімесі туралы сұрақ қойды.
11 Иса оларға былай деп жауап берді: — Құдай өз Патшалығы туралы сырды білуді сендерге бұйырған. Бірақ сыртта қалғандарға барлығы тек астарлы әңгімелер арқылы ғана айтылады.
12 Осылайша олар көріп тұрсын, алайда аңғармасын, естіп тұрсын, алайда түсінбесін. Әйтпесе олар теріс жолдарынан қайтып, күнәлары кешірілер еді.
13 Содан кейін Иса тыңдаушыларына былай деді: — Бұл әңгімені түсінбей тұрсыңдар ма? Онда басқа да астарлы әңгімелердің бәрін қалай ұқпақсыңдар?
14 Тұқым себуші — адамдарға Ізгі хабардың сөздерін жеткізуші біреу.
15 Жол бойына түскендері мынадай жайтты бейнелейді: бірқатар адамдар Ізгі хабарды естісімен-ақ әзәзіл шайтан келіп, олардың жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді.
16 Сол секілді, тастақ жерге себілгендері мынаны көрсетеді: кейбіреулер Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды,
17 бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Кейін Ізгі хабарға бола бастарына азап не қуғын түскенде, олар дереу сенімдерінен безіп кетеді.
18 Тікен арасына себілген дәндер болса мынаны білдіреді: басқа адамдар Ізгі хабарды естиді,
19 алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Өзге нәрселерге деген құмарлықтар да бойларына сіңеді. Сондықтан Ізгі хабар оларда ескерусіз қалып тұншығып, өнім бермейді.
20 Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адам Ізгі хабарды тыңдап, қабылдайды. Кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді.
21 Иса төңірегіндегі адамдарға тағы былай деді: «Адам шам жағып алып келіп, бір ыдыстың не төсектің астына бүркеп қоя ма? Қайта, оны шам қойғышқа қояды ғой.
22 Сол сияқты, мәлім болмайтын ешбір сыр, жария болмайтын ешбір құпия да жоқ.
23 Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
24 Иса оларға былай деп қосты: — Не тыңдағандарыңа назар аударыңдар! Қандай мөлшерде көңіл бөлсеңдер, өздеріңе сондай мөлшерде түсінік беріледі, тіпті үстемелеп те беріледі.
25 Өйткені кімде біраз түсінік бар болса, соған тағы көбірек беріледі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады».
26 Иса тағы да былай деді: «Құдайдың Патшалығы мынаған ұқсас: біреу егіндікке тұқым сеуіпті.
27 Ол ұйықтап жатсын, не жүріп-тұрсын, бәрібір, тұқым күні-түні көктеп, өсе береді. Әлгі адам оның қалай өсіп жатқанын түсінбейді.
28 Жер өздігінен алдымен көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақтағы дәндерді өсіріп толыстырады.
29 Егін піскенде оратын мезгілі жетіп, диқан оған дереу орақ салады».
30 Бұдан кейін Иса былай деді: «Құдайдың Патшалығын немен салыстырып, қалай астарлап бейнелеуге болады?
31 Ол қыша дәніне ұқсас: сол дән жерге себілгенде басқа тұқымдардан гөрі титтей болса да,
32 көктеп шығып өскенде барлық дәнді дақылдардан биік бұта болып, бұтақтарын кең жаяды. Сонда құстар ұшып келіп, оның саясында паналай алады».
33 Осындай көптеген астарлы әңгімелермен Иса адамдардың тыңдай алғандарынша Ізгі хабарды уағыздады.
34 Оларға астарламай еш нәрсені айтпады, бірақ Өзінің шәкірттеріне оңашада бәрін түсіндіріп отырды.
35 Сол күннің кешінде Иса шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді.
36 Содан олар халықты қалдырып, қайықтағы Ұстазын өздерімен бірге алып кетті. Өзге қайықтар да Исаға ілесе шықты.
37 Біраздан кейін сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады.
38 Ал Иса қайықтың артқы жағында көпшік жастанып ұйықтап жатты. Шәкірттері Оны оятып: «Ұстаз, құритын болдық! Жағдайымызды ойламайсыз ба?» — деп айқайлады.
39 Иса тұрып, желге тыйым салып, көлге де: «Тына қал, басыл!» — деп бұйырды. Сонда дауыл басылып, жым-жырт тыныштық орнады.
40 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне қарап: «Неліктен соншама қорқасыңдар? Әлі де сенімдерің жоқ па?» — деді.
41 Олар қатты үрейленіп, бір-біріне: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — деп таңғалысты.