Аббақұқ
Тарау 3
Аббақұқ пайғамбардың Құдайға еткен мінажаты; екпінді әуенмен айтылады.
2 Уа, Жаратқан, Сенің даңқың жайлы естігенмін, Ием, істеріңе қатты таңырқап келемін. Осы заманда да сондайларды жасай гөр, Тірі кезімізде оларды паш ете гөр, Қаһарыңда мейіріміңді ескере гөр.
3 Киелі Құдай Теманнан, Паран тауынан келді. Ұлы салтанаты Оның жапты күллі аспанды, Оны дәріптеген мадаққа жер беті кенелді.
4 Құдай нұры таң шапағындай жарқырады, Құдіретті қолынан сәулелер жалтырады.
5 Жаратқан Иенің алдында апат жүрді, Ал соңынан күйдіргіш індет те ерді.
6 Құдай тұра қалып, жерді сілкіндірді, Ол қарағанда халықтар дірілдеді. Ежелгі таулар опырылып құлады, Атам заманғы төбелер шөгіп қалды. Мәңгілік — Киелі Құдайдың жолдары!
7 Көрдім Құшанның абыржыған шатырларын, Дірілдеп қорыққан Мадиянның қостарын.
8 Уа, Жаратқан, өзендерге ашуландың ба, Қаһарың ағымдарға бағытталған ба? Сен аттарыңа мініп, атойлағанда Теңізге қарсы қатты қаһарландың ба? Жоқ, күймелеріңді жібердің құтқаруға!
9 Сен садағыңды қынабынан шығардың, Отты жебелерді уәдеңе сай дайындадың, Жер бетін сай-аңғармен бөліп тастадың.
10 Таулар Сені көргенде дүр сілкінді, Су тасқыны ағып өтіп лап берді, Түпсіз тұңғиық гүрілдеп күркіреді, Толқындары биікке көтерілді.
11 Ұшқан жебелеріңнің жарығында, Жалтыраған найзаңның жарқылында Тып-тыныш тұра қалды күн де, ай да.
12 Қаһарлана жер бетімен қадам бастың, Ашулана халықтарды таптадың.
13 Құтқаруға аттандың Сен халқыңды Және Өзің тағайындаған патшаңды. Зұлым елдің әміршісін күйреттің, Оны толықтай ұятқа қалдырдың.
14 Жау құйындай құйғытып бізді шашпақ болғанда, Тығылған байғұсты қуана жалмамақ болғанда, Қолбасшының басына өз найзасын сұғып алдың,
15 Аттарыңның тұяғымен теңізді таптадың, Зәулім су иірімі арқылы жол салдың.
16 Естігенде жүрегім дүрсілдей соқты, Зор гүрілден еріндерім қалтырады, Сүйектерім әлсіреп, күштен айырылды, Аяқ астым қалш-қалш етіп шайқалды. Ал бізді тонап, талан-таражға салған Елдің өзі апатқа ұшырап жатқан Күнді шыдамдылықпен тосатын болам.
17 Інжір ағаштары гүлдемесе де, Бақтарда жүзім шоқтары піспесе де, Зәйтүн ағаштары өнім бермесе де, Егістіктерден астық жиналмаса да, Қорада қой, табында мал қалмаса да,
18 Мен бәрібір Жаратқанға шаттанамын, Құтқарушы Құдайыма қуанамын.
19 Жаратушы Тәңір, күш-қуатым болады, Ием мені бұғыдай жүйрік қылады, Қырат жолмен жүруіме күш дарытады. (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады.)