Амос

1 2 3 4 5 6 7 8 9


Тарау 4

Әй, Башан сиырларындай семіз әйелдер! Самарияның тауында тұратын сендер, мына сөзді тыңдаңдар! Сендер кедейлерге зорлық жасап, мұқтаждарды езгіге ұшыратып келесіңдер, әрі күйеулеріңе: «Әкел бері, ішейік!» — дейсіңдер.
2 Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен былай деп ант етті: «Сендерді ілмекпен тартатын, ал қалғандарыңды қармақпен сүйрететін күн бастарыңа туады!
3 Сендер қала қабырғасының үйіндісінің үстімен айдалып, тіп-тіке шығатын боласыңдар, ыңғайлы сарайларыңнан далаға лақтырылып тасталасыңдар!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
4 «Мейлі, Бетелге барып, күнәға батыңдар, Ғылғалға да барып, қылмыстарыңды одан бетер көбейтіңдер. Таң атқан сайын сонда құрбандықтарыңды шалып ұсынып, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін әр үш жыл сайын апарып отырыңдар.
5 Мейлі, шүкіршілік тартуы ретінде ашытқымен пісірілген нанды өртеп ұсыныңдар, ерікті тартулар жасап, оларыңды жұртқа жариялап мақтаныңдар! Өйткені осыны істеуді сондай жақсы көресіңдер, уа, исраилдіктер! — дейді Жаратушы Тәңір Ие. —
6 Сондықтан да Мен сендердің барлық қалаларыңдағы адамдардың тістерін (арасында тамақтың бірде-бір түйірін қалдырмай) таза қылдым. Барлық жерлеріңде де сендерді нанға зар етіп қойдым. Сонда да сендер Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
7 «Егіннің суға ең мұқтаж, енді көктеп шығып келе жатқан кезінде Мен сендерге жаңбырды жаудырмай қойдым. Бір қалаға жаңбырды жіберсем, екіншісіне жіберген жоқпын. Бір егіс алқабына жаңбыр жауса, екіншісіне жаумады. Ал жаңбыр жаумағаны қурап қалды.
8 Сондықтан екі-үш қаланың халқы су ішу үшін бір қалаға жиналсаңдар да, шөлдеріңді баса алмадыңдар. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
9 «Сендердің егістіктеріңе, бау-бақшаларың мен жүзімдіктеріңе шіру және көгеру індеттерін жіберіп, оларды құрттым. Інжір мен зәйтүн ағаштарыңды шегіртке жалмап жойды. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
10 «Араларыңа Мысырдағыдай індет жібердім, жас жігіттеріңді семсермен қырып, жылқыларыңды тартып алып кеттім. Орналасқан жерлеріңдегі өліктердің сасық иісі мұрын жаратындай болды. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
11 «Ежелде Мен, Құдай, Содом мен Ғомораны қиратқанмын. Енді сендердің кейбір қалаларыңды да қираттым. Сендер шала жанып, от ішінен құтқарылып алынған отындық ағаш сияқты болдыңдар. Бірақ сонда да Маған қайтып келмедіңдер!» — деп әшкерелейді Жаратқан Ие.
12 «Сол себепті Мен сенің басыңа осы апаттарды түсіремін, ей, Исраил! Саған еш шүбәсіз осылай істейтін боламын. Сондықтан өз Құдайыңның алдынан шығуға дайындал, ей, Исраил халқы!» —
13 Өйткені Жаратқан Ие тауларды қалыптастырып, желді соқтырады. Ол өз ой-ниеттерін адам баласына ашып білдіреді. Құдай таңғы арайды қара түнекке айналдырып, әлемнің биік жерлерін де аяғымен басады. Оның Есімі — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай.