Рут

1 2 3 4


Тарау 3

Бір күні Нағима: — Қызым, саған жақсы болу үшін жайлы баспана тауып берсем, қалай болар еді? — деп құлақ қағыс етті.
2 — Сен қызметші қыздарымен бірге жүрген Боғоз — біздің ет жақын қайнымыз ғой. Ол бүгін кеште қырманда арпасын ұшырып, тазартып жатыр екен.
3 Кәне, жуынып-шайынып, иісмай жақ та, әдемі киініп алып, қырманға бар. Бірақ Боғоз кешкі асын ішіп-жеп болмайынша көзіне түспе.
4 Ол ұйқыға кіріскенде жатқан жерін біліп ал. Кейін сонда барып, жамылғысының етегін аздап көтеріп, аяқ жағына жата кет. (Осылай сен Боғоздың өзіңе қамқоршы болуын сұраған тілегіңді білдіресің.) Әрі қарай заңды түрде не істеу керек екенін оның өзі айтар.
5 — Айтқаныңыздың бәрін істеймін, — деп жауап берді келіні.
6 Содан қырман басына барып, енесінің тапсырғандарын орындады.
7 Ішіп-жеп, көңілі көтерілген Боғоз үйілген астықтың шет жағына жатып, ұйықтап қалғаннан кейін, Рут білдіртпей жамылғысын аздап көтеріп, аяқ жағына жата кетті.
8 Түн ортасында Боғоз орнынан аударылып, шошып оянды. Аяқ жағында бір әйел жатыр екен! Ол абыржып:
9 — Өй, сен кімсің? — деп сұрады. — Мен Рутпын ғой, мырза. Мені қанатыңыздың астына ала көріңіз, әмеңгерім бола алатын қайнағам емессіз бе? — деп жауап берді ол.
10 Сонда Боғоз былай деді: — Қалқам, Жаратқан Ие сені жарылқасын! Мына игі ісің бүгінге дейін енеңе жасап келген жақсылығыңнан да асып түсті! Сенің бай болсын, кедей болсын жас жігіттердің артынан жүгірмегенің жөн болды.
11 Енді уайымдамай-ақ қой, қарағым. Мен өтінішіңді түгелдей орындаймын. Қала халқының бәрі сенің үлгілі әйел екеніңді біледі.
12 Менің саған әмеңгер бола алатын қайнағаң екенім рас. Бірақ менен де жақын қайның бар.
13 Бүгін осында түнеп шық. Ертең сол адам саған әмеңгер болуға келіссе, онда жақсы, солай болсын. Ал егер ол бас тартса, мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдындағы адал сөзім: онда мен саған әмеңгерің болып үйленемін. Ал әзірше таңға дейін осы жерде ұйықтай бер.
14 Осылай Рут сол жерде таң атқанша ұйықтап, адамдар әлі бір-бірінің бет-жүзін ажырата алмайтын қараңғы кезде тұрды. Боғоз (өсек тарап кетпеу үшін): «Әйелдің қырманға келгенін ешкім білмесін», — деген еді.
15 Рут қайтып кетпес бұрын Боғоз: «Жамылғыңды жайып ұстай ғой», — деп, соған алты себеттей арпа құйып, буып-түйіп, Рутқа арқалатып жіберді. Өзі де қала жаққа жөнелді.
16 Рут енесіне келгенде Нағима: — Қалай болды, қызым? — деп сұрады. Келіні оған сол адамның не істеп, не қойғанын түгелдей айтып беріп:
17 — Ол маған «Енеңе құр қол қайтпа» деп, мына алты себеттей арпаны беріп жіберді! — деп қосты. Сонда енесі:
18 — Соңы немен бітерін білгенше тоса тұр, қызым. Бұл кісі бүгін осы істі аяқтамай тыным таппайды, — деп түйді.