Иса, Құдайдың Ұлы - Үшбірлік


  • Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді.
    Жаратылыстың бастауы 1:26
  • Сонан соң Құдай Ие былай деді: «Міне, адам ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Біз сияқты болды. Енді ол қолын созып, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісін алып жеп, мәңгі өмір сүріп жүрмесін».
    Жаратылыстың бастауы 3:22
  • Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай!
    Заңды қайталау 6:4
  • Себебі Сәби дүниеге келді, Біз үшін осы Ұл сыйға берілді! Билік Оның қолында қала береді: Ол «керемет ақылды Кеңесші, Құдіретті Құдай, Мәңгілік Әке, Тыныштықты сыйлайтын әмірші» Деп те аталатын болады.
    Ишая 9:6
  • «Ал сендер Мен туралы шындықты паш етуге тиіссіңдер, ей, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Мені жақыннан танып, Маған сеніп, кім екенімді ұғынуларың үшін таңдап алған қызметшімсіңдер. Менен бұрын болған да, кейін бола алатын да ешқандай құдай жоқ!
    Ишая 43:10
  • Жаратқан Ие — Исраилдің Патшасы мен азат еткен Қамқоршысы әрі Әлемнің Иесі мынаны айтады: «Алғашқы да, Соңғы да Менмін, Менен өзге (шынайы) құдай жоқ!
    Ишая 44:6
  • Қасыма жақындап, сөзіме құлақ түріңдер: Мен ниетімді басынан-ақ бүкпей ашық айтып келемін. Оны іске асыратын уақытта да Өзім сол жерде боламын». Енді Жаратушы Тәңір Ие және Оның Рухы мені мына хабармен жіберіп отыр:
    Ишая 48:16
  • —Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды. Жаратқан Ие мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге және жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындады, сондай-ақ тұтқындарға босатылатындарын, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салуға жіберді.
    Ишая 61:1
  • Паш етейін Жаратқанның жарлығын: «Рухани ұлымсың, — деді Ол маған. — (Өзіңді патшалыққа тағайындап) Мен бүгінгі күні Әке болдым саған.
    Забур жырлары 2:7
  • Жаратқан Ие менің иеме былай деп айтқан: «Мен жауларыңды табаныңның астына Салып бергенімше отыр оң жағымда».
    Забур жырлары 110:1
  • Ол былай деген: «Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бізбен бірге», деген ат қояды».
    Матай 1:23
  • Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзіне көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді. Сонда көктен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!» — деген дауыс естілді.
    Матай 3:16-17
  • Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер,
    Матай 28:19
  • Иса оған былай деп жауап берді: — Бәрінің ең бастысы мынау: «Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Иеміз!
    Марқа 12:29
  • Сонда дін мұғалімі Исаға былай деді: — Сіздікі дұрыс, Ұстаз! «Құдай жалғыз, Одан басқа құдай жоқ» деп шындығын айттыңыз.
    Марқа 12:32
  • Періште оған былай деп жауап берді: — Саған Киелі Рух қонып Құдай Тағала сая түсіргендей Өзінің құдіретін дарытады. Сондықтан да сен табатын Киелі Бала «Құдайдың рухани Ұлы» деп аталмақ.
    Лұқа 1:35
  • «О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!»
    Лұқа 22:42
  • Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді. Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын. Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған.
    Жохан 1:1-3
  • Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді.
    Жохан 1:14
  • Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты.
    Жохан 1:18
  • Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс. —
    Жохан 4:24
  • Бұдан кейін яһуди басшылары Исаға бұрынғыдан бетер қарсы шығып, Оны өлтірмекші болды. Себебі Ол солардың демалыс күні туралы ережелерін ғана бұзған жоқ, сонымен қатар «Құдай — рухани Әкем» деп, Өзін Құдаймен теңестірді.
    Жохан 5:18
  • Сондықтан да сендерге «күнәларыңды арқалап өлесіңдер» дедім. Өйткені егер Менің Сол екеніме сенбесеңдер, күнәларыңды арқалап өлетін боласыңдар. —
    Жохан 8:24
  • Иса оларға былай жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін!
    Жохан 8:58
  • Әкем Екеуіміз біртұтаспыз.
    Жохан 10:30
  • Діндар яһудилер: — Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді! — деді.
    Жохан 10:33
  • Иса оған: — Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды.
    Жохан 14:6
  • Иса былай деп жауап берді: — Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың? Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр. Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер.
    Жохан 14:9-11
  • Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін, Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады.
    Жохан 14:16-17
  • Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді.
    Жохан 14:26
  • Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы.
    Жохан 14:28
  • Мен сендерге Әкемнен бір Қамқоршыны жіберемін: сендерге шындықты білдіретін сол Киелі Рух Әкемнен келіп, Мен туралы куәлік береді.
    Жохан 15:26
  • Мәңгілік өмір — Сені, жалғыз шынайы Құдайды, әрі Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану.
    Жохан 17:3
  • Солар да Біз сияқты біртұтас болсын деп, Өзің Маған сыйлаған ұлылықты Мен оларға да бердім. Мен бұлармен тығыз байланыстамын, Сен де Менімен солайсың. Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін! Осылайша Өзіңнің Мені жібергеніңе әрі Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жетсін.
    Жохан 17:22-23
  • Ал Оның құдайлық қасиетіне келсек, Құдай Оны қайта тірілтуі арқылы Өзінің рухани Ұлы екенін зор құдіретпен дәлелдеді. Ол — Иеміз Иса Мәсіх.
    Римдіктерге 1:4
  • Себебі жалғыз бір-ақ Құдай бар. Ол сүндеттелген яһудилерді де, сүндеттелмеген халықтарды да сенімдері арқылы ақтап алады.
    Римдіктерге 3:30
  • Өлімнен Иса Мәсіхті қайта тірілткен Құдайдың Киелі Рухы өмірлеріңнен орын алды. Сондықтан Құдай бойларыңда тұратын Өзінің Киелі Рухы арқылы сендердің денелеріңді де өлімнен тірілтіп алатын болады.
    Римдіктерге 8:11
  • Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар.
    1 Қорынттықтарга 2:9-10
  • Сендер өздеріңнің «Құдайдың киелі үйі» екендіктеріңді және Құдайдың Рухы өздеріңде тұратынын білмейсіңдер ме?
    1 Қорынттықтарга 3:16
  • Бірақ біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз, Ол үшін өмір сүрудеміз; сондай-ақ, жалғыз Иеміз — Иса Мәсіхті де танимыз: күллі әлем де, өзіміз де Сол арқылы пайда болдық.
    1 Қорынттықтарга 8:6
  • Ал Киелі Рух өмірлеріңде жетілдіретін игілікті «жеміс» мынадай: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық. Ешбір заң бұларға қарсы тұрмайды.
    Ғалаттықтарга 5:22-23
  • екі жағымызға да Мәсіх арқылы бір Киелі Рухтың арқасында Құдай Әкеге сиынуға жол ашылды.
    Ефестіктерге 2:18
  • Бәріміз біртұтас рухани денеміз, Құдайдың Рухы да Біреу, сол сияқты Құдай сендерді шақырғанда бірдей үміт берді. Иеміз бір, бір сенімдеміз, шомылдыру рәсіміміз де бірдей. Барлығымыздың бір Құдай Әкеміз бар, Ол бәрімізден үстем және бәріміз арқылы әрекет етіп, бәріміздің жүрегімізден орын алды.
    Ефестіктерге 4:4-6
  • сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
    Філіпіліктерге 1:2
  • Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын: Мәсіхтің құдайлық болмысы бола тұра, Ол Онысына жармасқан жоқ, қайта, Өз құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Бас тартып, қабылдады құлдың сиқын: Ол адам секілді бұ дүниеге келді, Әрі кәдімгі адамға ұқсап көрінді. Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнды, Өлімге, тіпті айқыштағы өлімге бойсұнды.
    Філіпіліктерге 2:5-8
  • Көзге көрінбейтін Құдайдың қандай екенін рухани Ұлы көрсетеді. Ол — жаратылыс атаулының бәрінен жоғары. Өйткені көктегі әрі жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін Құдай Өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты: тақтар мен үстемдік иелері, билеушілер мен әміршілер бәрі де Мәсіх арқылы және Мәсіх үшін жаратылған. Бүкіл әлем жаратылмай тұрғанда-ақ Ол бар болатын, бәрін аман сақтайтын да — Сол.
    Қолостықтарга 1:15-17
  • Ал Құдайдың бүкіл болмысы Мәсіхтің бойында тұрады!
    Қолостықтарга 2:9
  • Иеміз жан дүниелеріңді Құдайдың сүйіспеншілігіне бұрып, сендер Мәсіхтің қайта оралуын сабырмен күтсін деп мінажат етеміз.
    2 Салониқалықтарга 3:5
  • Құдай — біреу-ақ, Құдай мен адамдар арасын Келістіруші де Біреу, Ол — адам (болып дүниеге келген) Иса Мәсіх.
    1 Тімотеге 2:5
  • Құдай бізді құтқарып, өз халқы ретінде қасиетті өмір сүруге шақырды. Ол мұны біздің жасаған игі істерімізге бола емес, Өзінің мақсаты мен рақымы бойынша істеді. Себебі Құдай бізге Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлауға әлем басталмастан бұрын-ақ ниеттенген еді.
    2 Тімотеге 1:9
  • Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады.
    Титке 2:13
  • Одан Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрінеді: Ол — Құдайдың болмысының дәлме-дәл сипаты. Ұл бүкіл әлемді құдіретті сөзімен қолдап ұстап тұр. Өзінің құрбандық өлімі арқылы күнәдан тазару жолын ашып бергеннен кейін, Ол көктегі Ұлылық Иесіне (яғни Құдай Әкеге) барып, Оның оң жағындағы ең құрметті орынға жайғасты.
    Еврейлерге 1:3
  • Ал Ұл туралы былай делінген: «Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік, Патшалығыңа жүргізесің әділ билік.
    Еврейлерге 1:8
  • Олай болса, мәңгілік Киелі Рухқа кенелген, Өзін мүлдем кемшіліксіз құрбандық ретінде Құдайға ұсынған Мәсіхтің өз қаны рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан ар-ұжданымызды одан бетер арылтып тазартпақ! Соның нәтижесінде біз мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз.
    Еврейлерге 9:14
  • Иса Мәсіх өткенде, қазір және болашақта мәңгілік Өзі болып қала береді.
    Еврейлерге 13:8
  • Иса Мәсіхтің елшісі Петірден (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік болып, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бітүния аймақтарында шашыраған (сенушілерге дұғай сәлем). Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін!
    1 Петірдің 1:1-2
  • Сендер бізбен байланыста болсын деп, өзіміз көріп, естігеніміз туралы хабар беріп отырмыз. Осылай бәріміз Әкемен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз.
    1 Жохан 1:3
  • Сонымен куә болатындар үшеу: Киелі Рух, су және қан; бұл Үшеуінің айғақтығы бірдей.
    1 Жохан 5:7-8
  • Құдайдың рухани Ұлының келгенін де білеміз; біздің шынайы Құдаймен танысуымыз үшін Ол көзімізді ашты. Сондықтан шынайы Құдаймен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз. Ол — шынайы Құдай және мәңгілік өмір.
    1 Жохан 5:20
  • Бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым бар, мәңгі болып келген және болашақта келетін Құдай Ие: «Алғашқы да, Соңғы да Менмін!» — дейді.
    Яһуданың 1:8