Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 2

Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
2 «Барып, мынаны Иерусалимге естірте жарияла: сенің Мені қалыңдық іспетті сүйіп, тіпті құнарсыз иен далада соңымнан еріп жүрген жас кезіңдегі адалдығың есімнен шықпайды.
3 Өнімнің алғашқы үлесі сияқты, Исраил де Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған халық еді. Сондықтан оны жалмап құртпақ болғандар айыпталып, апатқа душар болатын», — деп ескертеді Жаратқан Ие.
4 Уа, Жақыптың үрім-бұтағы — Исраилден тараған барлық рулар, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
5 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Осыншама алшақтап кететіндей ата-бабаларың Менен қандай кінә тапты? Түкке тұрғысыз тәңірсымақтардың жолына түсіп, өздері де түкке тұрғысыз болып кетті.
6 Олар былай деп сұраған жоқ: «Бізді Мысыр елінен бастап алып шыққан Жаратқан Ие қайда екен? Ол бізді қуаңшылық пен қара түнек жайлаған, шөл далалары мен шұңқырлары бар, ешкім аяқ баспайтын да, мекендемейтін де құла түзбен жетелеп алып жүрді емес пе?!»
7 Мен сендерді мол өнімінің қызығын көрулерің үшін осы шұрайлы елге алып келдім. Бірақ сендер бұл елімді күнәларыңмен арамдадыңдар! Менің өздеріңе тапсырған меншікті жерімді жиренішті еттіңдер!
8 Тіпті діни қызметкерлер «Жаратқан Ие қайда?» деп сұрамады, заңды үйретіп билік айтатындар Мені жақыннан танып білмеді. Халықтың жетекшілері Маған қарсы шықты, пайғамбарлар Бағалдың атынан пайғамбарлық сөз айтып, еш пайдасыз тәңірсымақтардың жолын қуып келеді.
9 Сондықтан Мен бұдан былай да сендерді айыптаймын, әрі балаларың мен немерелеріңді де кінәлаймын, — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
10 Теңізді кесіп өтіп, батыстағы аралдарға барып, қараңдар, не шығыстағы Қидар еліне барып, жақсылап байқаңдар! Мынадай нәрсе бұрын-соңды болған ба еді:
11 сондағы бір халық өзінің табынатын тәңірлерін басқаларға ауыстырып па екен? Ал олардың тәңірлері шынайы Құдай емес қой! Бірақ Менің халқым өзінің даңқты Құдайын еш пайдасыз тәңірсымақтарға ауыстырып кетті!
12 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Уа, көк, бұған наразылана аңтарыл, қатты жиреніп дірілде!
13 Себебі Менің халқым екі түрлі зұлымдық жасады: олар Мені, «тірі судың қайнар көзін», тастап кетті және өздеріне арнап «құдықтар» қазып алды. Сол «құдықтарының» жырық тесіктері болғандықтан, оларда су сақталмайды.
14 Исраил сатып алынған құл ма? Әлде қожайынының үйінде туған басыбайлы малай ма? Әрине, жоқ! Ендеше, неге ол басқаның қолында олжа болып кетті?
15 Ассурлық жаулар арыстандай ақырып, оған қарсы дауыс көтерді. Олар оның жерін қаңыратып бос қалдырды. Қалалары өртеліп қирап, елсіз қалды.
16 Мысырдың Мемфис пен Тахпанхес қалаларынан аттанып келген жасақшылары «Исраилдің төбесін тақырлап», оны салтанатынан жұрдай қылды.
17 Өзіңді ізгі жолмен жетелеп келген Құдай Иеңнен безіп, осы пәлелердің бәрін өз басыңа өзің тілеп алған жоқсың ба?
18 Енді несіне Мысыр мен Ассурға барып, одақ құрасың? Ніл мен Евфрат өзендерінің суын ішкеннен саған не пайда?
19 Өз зұлымдығың саған жаза тартқызады, өз опасыз қылықтарың сені айыптайтын болады. Содан ойланып, мынаны біліп ал: Менен, өзіңнің Құдайың Жаратқан Иеден, бас тартып, Мені еш қастерлемеуіңнің арты қандай жаман да күйінішті болатынына көзіңді жеткіз!» — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады.
20 «Баяғыда Мен мойныңа салынған мойынтұрықты сындырып, бұғауларыңды үзіп, өзіңді құлдықтан азат еткен едім. Алайда: «Жоқ, мен қызмет етпеймін!» дедің. Ал шынында сен көрінген биік төбенің басында, әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге табынып опасыз әйел іспетті азғындыққа салындың.
21 Сені жемісі құнды асыл тұқымды жүзім бұтасы деп отырғызған едім. Қалайша енді бөгде жүзім бұтасының жабайы сабақтары болып шыға келдің?!
22 Тіпті сілтімен жуынып, көп сабын жұмсап тазалансаң да, күнәңнің сенде қалдырған дағы әлі де Менің көз алдымда болады, — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. —
23 «Мен таза жүріп келемін, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынған емеспін» деп қалай ғана айта аласың? Аңғарда не істеп жүргеніңе көңіл бөл, қылықтарыңды ойла! Кімге табынсам екен деп, күйлеген жүйрік іңгендей тыным таппайсың.
24 Сен күйлеп, жел иіскейтін ұрғашы құланға да ұқсайсың. Оның құмарлығына кім тосқауыл бола алады? Шағылысқысы келгендерге оның соңынан қуып шаршаудың да керегі жоқ, күйлеген айында оны дереу тауып алады!
25 Жалған тәңірлердің артынан жалаң аяқ жүгіріп, аяғыңды жарақаттап қанатпа! Шөлден тамағыңды кептірме! Алайда сен: «Мен үшін әуре болма! Бөтен тәңірлерге ғашықпын, солардың жолымен жүремін!» дейсің.
26 Ұры қолға түскенде масқара болатынындай, бүкіл Исраил елі: халық пен оның патшалары, әміршілері, діни қызметкерлері мен пайғамбарлары да масқара болады.
27 Себебі олар ағаш мүсінге: «Сен әкемсің!», тас бағанаға: «Мені туған сенсің!» деп табынады. Осылайша олар беттерін Менен теріс бұрып, сырт айналып кетті. Ал бастарына пәле түсе қалса: «Келіп, бізді құтқара гөр!» деп Маған жалынады.
28 Сонда өзіңе жасап алған тәңірсымақтарың қайда? Құтқара алса, басыңа пәле түскенде келіп, сені құтқарып алсын! Өзіңде қанша қала болса, сонша тәңірге табынасың ғой, Яһуда-ау!
29 Мені несіне кінәлайсыңдар? Маған қарсы барлығың бас көтердіңдер! — деп жариялайды Жаратқан Ие. —
30 Мен сенің халқыңды бекер жазалаппын, олар одан бәрібір тәлім алмады. Қайта, араларыңдағы пайғамбарларымды жыртқыш арыстандай семсермен қырып жойдыңдар».
31 Уа, осы ұрпақтың адамдары, Жаратқан Иенің мына сөздері туралы терең ойланыңдар: «Мен Исраил еліне шөл даладай, яки қара түнек басқан елдей болып па едім? (Әрине, жоқ.) Ендеше неге халқым Маған: «Біз өз бетімізбен жүруге еріктіміз. Енді Саған қайтып оралмаймыз» дейді?
32 Бойжеткен қыз әшекейін, қалыңдық тойда тағатын белдігін ұмыта ма? (Жоқ, ұмытпайды). Ал халқымның Мені ұмытқанына ұзақ уақыт болды.
33 Өзіңе ашына іздегенде қандай ептісің! Тіпті ең тіс қаққан сайқалдың да сенен алар тәлімі көп.
34 Үйіңе бұзып кірмесе де, сен өлтірген жазықсыз кедейлердің қаны етегіңде қатып қалған. Бірақ сонда да:
35 «Мен кінәсізбін, шүбә жоқ, Құдай маған ашулы емес» дейсің. Сондықтан біліп қой: «Күнә жасаған жоқпын!» деген сөзің үшін Мен сені соттап, жазалаймын.
36 Неліктен сен жүрген жолдарыңды оп-оңай өзгерте саласың? Ассурдың өзіңді масқара қылғанындай, Мысыр да сені масқараға қалдыратын болады.
37 Сол жерден де бұғауланған екі қолыңды басыңа қойып алып жер аударылып кетесің. Себебі сенің сенім артқан одақтастарыңнан Жаратқан Ие теріс бұрылып, олардан еш пайда көрмейсің».