Жаратылыстың бастауы
Тарау 4
Адам әйелі Хауамен жақындасқан соң, әйелі жүкті болып, Қабылды туды. Сонда Хауа: «Жаратқан Иенің жарылқауымен бір ұл балаға ие болдым», — деді.
2 Хауа қайтадан жүкті болып, Қабылдың інісі Әбілді туды. Әбіл мал бағушы, ал Қабыл жерді өңдейтін егінші болды.
3 Біраз уақыт өткеннен кейін Қабыл Жаратқан Иеге арнап жерден жинап алған өнімінен тарту ұсынды.
4 Ал Әбіл малының алғашқы төлдерінен әкеліп, құрбандыққа шалып, олардың майлы бөліктерін де тарту етті. Жаратқан Ие Әбілге және оның құрбандығына ризашылықпен қарады,
5 бірақ Қабылға және оның ұсынған тартуына риза болмады. Бұған Қабыл қатты ашуланып, қабағын түйіп безеріп алды.
6 Сонда Жаратқан Ие Қабылға: — Сен неге ашуланасың? Неліктен қабағыңды түйіп безересің?
7 Егер істегенің дұрыс болса, онда сені қабылдар едім. Ал істегенің дұрыс болмаса, онда босағаңды күнәнің жағалағаны: күнә сені иемденуге құштар, бірақ сен оған жол бермеуің керек, — деп сөзін арнады.
8 Алайда Қабыл інісі Әбілге: «Далаға барайық», — деді. Олар далаға шыққан соң, Қабыл інісін бас салып, ұрып өлтірді.
9 Кейін Жаратқан Ие Қабылдан: — Інің Әбіл қайда? — деп сұрады. Ол: — Білмеймін, мен інімнің күзетшісі ме едім? — деп жауап қайырды.
10 Жаратқан Ие: — Сен не істедің? Ініңнің төгілген қаны Маған жерден үн қатып, кегін алуды сұрап тұр!
11 Сені қарғыс атқан! Енді өз қолыңмен өлтірген ініңнің қаны сіңген жердің топырағынан аулақ жүресің.
12 Сен оны өңдегенде, түк өнім ала алмайсың. Сондықтан жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналасың, — деді.
13 Қабыл Жаратқан Иеге жауап беріп: — Менің тартатын жазам көтере алмастай ауыр.
14 Бүгін мені егіндік жерден қуып отырсың, Сенің көзіңнен таса жүретін боламын. Жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналамын. Кім кездессе, сол мені өлтіретін болады, — деді.
15 Бірақ Жаратқан Ие: — Жоқ, Қабылды кім өлтірсе, содан жеті есе кек алынады, — деді. Сондықтан Ол кездескендер өлтіріп қоймау үшін Қабылға таңба салып берді.
16 Ал Қабыл Жаратқан Иенің көз алдынан кетіп, Едемнің шығысында орналасқан Нод (яғни «Кезбелік») деген жерге қоныстанды.
17 Қабыл әйелімен жақындасып, ол жүкті болып, Енохты туды. Кейін Қабыл қала салып, оған ұлының атын қойды.
18 Ал Енохтан Ирад, Ирадтан Мехуел, Мехуелден Метушаил, Метушаилдан Ләмех дүниеге келді.
19 Ләмех екі әйел алды, біреуінің есімі Ада, екіншісінікі Зилла еді.
20 Ададан Ябал туды. Ябалдан шатырларда тұрып, мал бағатындар тарады.
21 Оның інісінің аты Юбал еді. Ол ішекті аспаптар мен сыбызғыда ойнаушылардың түп атасы болды.
22 Зилланың да Тұбалқабыл есімді бір ұлы болатын. Ол мыс пен темірден әр түрлі құрал-жабдықтарды жасап шығарды. Тұбалқабылдың қарындасының аты Нағама еді.
23 Ләмех әйелдеріне тіл қатып: «Әй, Ада мен Зилла, Ләмехтің әйелдері, мені тыңдап, сөзіме құлақ түріңдер! Мені жаралағаны үшін бір еркекті, денемді көгерткені үшін бір жас жігітті өлтірдім.
24 Қабыл үшін жеті есе кек алынатын болса, Ләмех үшін жетпіс жеті есе кек алынатын болады», — деді.
25 Адам ата әйелімен тағы да жақындасқан соң, Хауа ұл туып, оның атын Сет (яғни «Сыйланған») деп қойды. Себебі ол: «Қабыл Әбілді өлтірген соң, Құдай маған оның орнына басқа бір ұрпақ сыйлады», — деді.
26 Сет те ұлды болып, атын Енос деп қойды. Сол кезден адамдар Жаратқан Иеге сиынып мінажат ете бастады.